Басты Жаңалықтар 3 жылға арналған бюджет жоспары таныстырылды

3 жылға арналған бюджет жоспары таныстырылды

Алдағы үш жылда Қазақстан экономикасы еселене түседі. Бұл Үкіметтің  болжамы. Межеге мұнайға ғана сүйенбей, өндіріс пен ауыл шаруашылығын, құрылыс пен қызмет көрсету салаларын дамыту арқылы жету көзделіп отыр. Бүгін Құрылтайда бюджеттің алдағы үш жылға арналған жоспары таныстырылды.

Әлемде геосаяси жағдай құбылып тұр. Мұнай арзандаса, ел бюджетіне түсетін кіріс те азаюы мүмкін. Соған қарамастан, Қазақстан экономикасының өсімі сақталады деп күтілуде. Премьер-Министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, келесі жылға үш түрлі болжам жасалған. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

Оптимистік нұсқа бойынша мұнайдың болжамды бағасы барреліне 85 АҚШ долларын құрайды. Экономиканың орташа жылдық өсімі 5,9 пайыз деңгейінде болжанады. Пессимистік нұсқада мұнай бағасы барреліне 50 АҚШ долларын құрайды. Жалпы ішкі өнім өсімі орта есеппен 3,2 пайыз болады деп болжануда. Базалық нұсқада мұнай бағасы барреліне 70 АҚШ доллары деңгейінде алынды.

Яғни ел экономикасының  өсуі  келер жылы бес пайыздан кем болмайды деп болжануда.

Самал Қабышева, тілші:

2027 жылдың үш негізгі көрсеткіші. Кіріс - 25,4 трлн теңге; шығыс – 30,2 трлн теңге; бюджет тапшылығы - 4,6 трлн теңге. Қазақстан экономикасы алдағы үш жылда жыл сайын 5 пайыздан жоғары өседі деген болжам бар. Экономикаға серпін беретін негізгі салалар – өндіріс, ауыл шаруашылығы мен құрылыс.

Ұлттық қордан үш жылда 5 триллион теңге бөлінеді.

Самал Қабышева, тілші:

Ұлттық қордың ақшасына 347 маңызды жоба жүзеге асады. Қаражат төрт негізгі бағытқа жұмсалады. Олар - көлік және логистика, әлеуметтік сала, энергетика және су инфрақұрылымы. Яғни, халыққа қажетті нысандар салынып, инфрақұрылым жақсарады. Жобалар 31 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ал ең бастысы - еліміздегі 13 миллионға жуық тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады деп болжануда.

Бюджет тапшылығын азайту - Үкіметтің басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстарға Премьер-министр тоқталды. Енді мемлекеттен көмек шын мұқтаждарға беріледі.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз.

Самал Қабышева, тілші:

Яғни, мемлекеттік қолдау шын мұқтаж адамдарға берілуі керек. Келер жылдың 1  қаңтарынан бастап көмек адамның қай санатқа жататынына емес, нақты жағдайына қарай көрсетіледі. Бұл өзгеріс 2027 жылы бюджетке 700 миллиард, алдағы  үш жылда шамамен 2,5 триллион теңге үнемдеуге мүмкіндік береді деп болжануда. 

Бөлісу