«Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қоры құрылды

18.03.2019

Алматыда көпбалалы аналарға көмек көрсету шаралары жалғасып жатыр. Мәселен, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының 23-конференциясынан кейінгі қабылданған шешімге сай «Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қоры құрылды. Енді осы қордың көмегімен бүгінге дейін азық-түлік себетін әзірлеуге құны 11 млн. 400 мың теңге болатын 400 және 10 млн. 800 мың теңгенің киім-кешегін алу үшін 200 сертификат сатып алынған. Оларды тарату жұмыстары қаладағы барлық ауданда жүргізіліп жатыр.

Назым Смағұлова - төрт баланың анасы. Ол ауруға шалдыққан қыз тәрбиелеп отыр. Сондықтан, аз қамтылған отбасыға беретін көмекке құжат тапсырған.

Назым Смағұлова, көпбалалы аны:

Көпбалалы ана ретінде құжаттарымды өткізген едім. Бүгін міне, бала-шағамды қуантып, сертификат әкеліп беріп жатыр. Киім-кешекке, азық-түлікке. «Нұр Отан» партиясына үлкен рахмет айтқым келеді.

 «Бақытты отбасы - Алматы» қоры көпбалалы мен аз қамтылған отбасыларға қолұшын созып, барынша жағдай жасауға кірісті. Бүгінде көмек сұрап, өтініш жазған адамдардың саны 1000-ға жетті. Алайда, мұндай көмек тек мегаполисте тұрақты тіркелген тұрғындарға беріледі.

Гүлназ Ахметова, «Бақытты отбасы – Алматы» қорының басшысы:

Бұл қордың құрылуына Алматы қаласының тұрғындары, көптеген мекемелер көмектесуде. Жалпы, қордың құрылуына Алматы қаласының әкімі үлкен қамқоршылығын жасады. 

Алматыда аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен шаңырағында мүгедек ата-анасы немесе балалары барлар аз емес. Қазір солардың тұрғын үйлерін тұрмысқа бейімдеуге байланысты қала тұрғындарының өтініштерін қабылдау жүріп жатыр. Ал, аталған қор осы уақытқа дейін азық-түлік пен киім-кешек алу үшін мұқтаж жандарға 600 сертификат табыс еткен. Сондықтан, қор өкілдері «Президент тапсырған міндеттер толық іске асқанша, жұмысты жалғастырамыз», деп отыр.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу