Кітапханашылар мен мұрағатшылардың жалақысы өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кітапханашылар мен мұрағатшылардың жалақысы өседі

13.03.2019

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 шілдеден бастап жалақысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға өспек. Бұл жаңалық осы салада еңбек етіп жүргендерді ерекше қуантқаны сөзсіз. Олардың қатарында мәдениет қызметкерлері де бар.

Гүлім Рақымжанова бұрын музейде жұмыс істеген. Қазір мұрағат қызметкері. Қызметі ауысқанымен, жалақысы аса өскен жоқ. Сол баяғы 60 мың шамасында. Мұрағатшының жұмысы оңай емес. Келіп түсетін өтініштер көп. Қазір мамандар құжаттарды сандық жүйеге аударуды қолға алған.

Гүлім Рақымжанова, мұрағатшы:

- Көтерілгені жақсы болар еді. Өйткені бұл жұмысшыларға, олардың отбасыларына үлкен қолдау.

Ал, Лаура Шекер - жас маман. Өткен жылы оқу орнын тәмамдап, қалалық кітапханаға жұмысқа орналасқан. Айлығы 50 мыңға да жетпейді. Ал, кітапханашылардың еңбекақысы да алпыс мыңнан аспайды.

Лаура Шекер, кітапханашы:

- Маған кітапханашы болып жұмыс істеген ұнайды. Себебі адамдармен қарым-қатынас болып, оларды дамытуға көптеген кітаптарды таңдап беремін.

Көкшетаудың барлық кітапханаларында Лаура сияқты 70-ге жуық қызметкер бар. Олардың көпшілігінің жалақысына 30 пайыз қосымша қаржы қосылады. Осылайша еліміздегі кітапханашылар мен мұрағатшылардың орташа еңбекақысы 87 мыңнан 113 мың теңгеге жетпек. Бұл кәсіп иелерінен өзге әртістердің, режиссерлардың, мәдени ұйымдастырушылардың және мекемелердегі техникалық қызметшілердің де жалақысы жоғарылайды. Осылайша Ақмола облысында мәдениет саласында қызмет істеп жүрген 3 мыңнан астам маманның айлығы артпақ.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу