Білім саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі

28.05.2019

Келесі айдан бастап, балабақша мен мектепте жұмыс істейтін барлық қызметкерлердің жалақысы 10 пайыздан 30 пайызға дейін өседі. Онда үш нәрсе ескеріледі. Бірінші мұғалімнің білімі, екіншіден еңбек өтілі және біліктілік санаты.

Аталған сала мамандарының жалақысын шілдеден бастап көтеруді Елбасы «Nur Otan» партиясының съезінде тапсырған болатын. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалақыны көтеруде шілдені күтпей-ақ, маусым айынан бастау жөнінде тапсырма жүктеді. Дулат Абибуллаев мұғалімдердің өсетін жалақысын есептеп көрді.

1 маусымнан бастап басқа саланы айтпағанда, білім жүйесіндегі 500 мыңдай адамның жалақысы өседі. Жаңа жалақы жүйесін ұстаздар кәсіподағы есептепті. Сонымен, жоғары білімі бар, бірақ санаты жоқ, пән мұғалімдерінің жалақысы педагогикалық еңбек өтіліне байланысты 28, 26, 25 пайызға артады.

Ал екінші санаттағы пән мұғалімдерінің жалақысы 25 пайызға артады. Бірінші санаттағы мұғалімдер жалақысы еңбек өтіліне байланысты 20, 21 пайызға артады. Ал жоғары санаттағы пән мұғалімдерінің жалақысы 15 пайызға артады.

Мысалы, ең төменгі, яғни санаты жоқ, еңбек өтілі 7 мен 10 жыл аралығында ауыл мұғалімі қазір 76 097 теңге болса, ендігі айда 95 785 теңге болады. Ал жаңартылған білім бағдарламасына көшкен дәл осындай мұғалім жалақысы 98 926 теңгеден, 124 521 теңгеге көбейеді. Бұған педагог шеберлікке берілетін қосымша төлемдерді қосыңыз.

Райхан Мамашиқызы, Қазақстандық салалық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы төрайымының орынбасары:

- Педагогикалық щеберлікке қатысты берілетін қосымша да өседі. Мысалы, педагог-модератор 30 пайыз, педагог-сарапшы 35 пайыз, зерттеуші 40 пайыз, педагог-шебер 50 пайыз. Бұлар осы өсетін лауазымдық жалақыға тікелей байланысты болады.

Балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлердің, қосымша білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтардың, логопедтер мен музыкалық жетекші мамандардың және әлеуметтік педагог, зертханашылардың да жалақысы өседі. Санат жоқ аталған мамандардың жалақысы еңбек өтіліне сай 25, 26, 27 пайызға артады. Мысалы, педагогикалық еңбек өтілі 2 мен 3 жыл аралығындағы қала балабақшасындағы тәрбиешінің жалақысы қазір 50 790 теңге болса, енді 64 417 теңгеге артады. Дәл осындай ауылдағы тәрбиеші жалақысы қазір 63 488 теңге болса, 80 521 теңгеге артады. Бұл еңбек жағдайына байланысты азын-аулақ қосымша төлемдерді қоспағанда.

Айгүл Мұқашева, Қазақстандық салалық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы төрайымының орынбасары:

 - Жалақы көтеру мәселесі ең бастысы біздің ұстаздарға байланысты, мектеп әкімшілігіне, білім саласында жұмыс жасайтын техникалық қызметкерлерге 10-30 пайызға дейін жалақы қосылады.

Көрсетілген жалақылар зейнетақы жарнасы, табыс салығы секілді міндетті төлемдері қоспай есептелді. Сондай-ақ, 1 маусыман бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен медицина мен мәдениет, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саладағы мамандардың жалақысы да 30 пайызға дейін өседі.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу