Сақтандыру қорының төлемдері артады (Толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сақтандыру қорының төлемдері артады (Толығырақ)

12.03.2019

Келер жылдан бастап әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін жәрдемақылардың тәртібі өзгертілмек. Мәселен, бір жасқа толмаған сәбидің анасы жұмысқа шықса да оған бала күтіміне байланысты берілетін қаражат ары қарай төлене бермек. Бұл туралы бүгін Мәжіліс қабырғасында жаңа заң жобасын таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі айтты.  Бұдан өзге мемлекеттен берілетін бірқатар әлеуметтік төлемнің көлемі де артпақ.

Әлеуметтік сақтандыру қоры  жұмыс берушілердің әрбір қызметкер үшін аударатын қаржысынан құралады. Қазір қорда 1,4 трлн теңге бар. Былтыр одан 800 мың адамға 190 млрд теңге берілген. Министрлік ұсынып отырған жаңа заң бойынша 5 бағыт бойынша төлемдердің көлемі артпақ.

Мәселен, еңбек қабілетінен айырылған,  100 мың теңге жалақы алып келген азамат қазір орташа есеппен 23 мың теңге алады. Ал жаңа құжатқа сәйкес ол 35 пайызға артып, 31 мың теңге шамасында болмақ.  Сондай-ақ, жұмысынан айырылып қалған азаматтарға да берілетін әлеуметтік төлемді көбейту жоспарлануда.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жұмыстан айырылған азаматтар жалақысы 100 мың теңге болса қазіргі тұрғыда алатыны 6 ай бойы 18 мың теңге. Егер де өзгерістер қабылданса, онда осындай азаматтардың фондтан алатыны көбейеді. 23 мың теңге.

Аналар үшін жағымды жаңалық.  Енді бір жасқа дейін бала күтіміне берілетін төлем жұмысқа шықса да, тоқтатылмайды. Ал жәрдемақының мөлшері бір балаға 15 050 теңге, екіншісіне 17 794, үшінші балаға 20 512, төртінші және одан көп балаға 23 255 теңге. Жыл сайын төлем өсіп отырады.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

Жыл сайын қазір индексация өтіп отыр. Республикалық бюджеттен төленіп отырған әрдемақылардың мөлшері инфляция деңгейіне қарай өсіп отыр ғой. Дәл солай әлеуметтік төлемдер де индексациядан өтіп отыр.

Жаңа құжат бойынша әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер орташа есеппен 30-36 пайызға көбейеді. Оның игілігін 200 мың адам көреді деп күтілуде. Айта кетейік, бұл қордың төлемдері мен мемлекеттен берілетін жәрдемақылар екі бөлек дүние. Яғни, бұл төлемдер жұмыс істеп немесе қорға аударым жасап жүрген азаматтарға ғана беріледі. Бүгінгі таңда жүйеге қатысушылардың саны 6 миллионнан асады.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу