Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаж жандарға 1 сәуірден бастап көбейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаж жандарға 1 сәуірден бастап көбейтіледі

06.03.2019

Атаулы әлеуметтік көмек түрлері бірінші сәуірден кешіктірілмей беріледі. Елбасының осы тапсырмасы жәрдемақыға мұқтаж жандарға жағымды жаңалық болды. Олар «табысымыз жетпей тұралап қалған біраз тұрмыстық мәселеміз оңтайлы шешіледі», деп отыр. 

Маратжан 2-топтағы мүгедек. Ата-анасынан ерте айырылған ол әжесінің қамқорлығында. Немересі өскен сайын қажеттілігі де артып келеді. «Оның үстіне баланың сауығуына септігі тиеді», - деп әжесі оны өнерге де баулып жүр. Демек, маманға берілетін ақысы тағы бар. Мемлекеттен бүгінге дейін 45 мың теңге жәрдемақы алып келген отбасы енді әлеуметтік көмектің еселенетінін естіп, қуанып қалды. 

Фатима Сурабалдинова, Шонжы ауылының тұрғыны:

- Бір жылда 2 рет баламды ауруханаға алып барамын. Емделеді ол жерде. Тағы дәрі-дәрмегі бар, киім-кешегі бар. Сол үшін ақша ешқашан да артық болмайды. Рахмет.

Сонымен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар сәуірден бастап жәрдемақыны 30 пайызға артық алады. Елімізде осындай санаттағы 100 мыңнан астам адам бар.

Бұдан бөлек, келесі ай көпбалалы аналарға да атаулы әлеуметтік көмек берілетін болды. Балқаш қаласының тұрғыны Гүлмира Ахметова жағымды жаңалықты күн санап күтіп жүр. Алтын құрсақты ана өмірге алты бала әкелген. Оның бесеуі мектепте оқиды. Кенжесі балабақша жасына жетпеген. Қазір бұл шаңырақта отағасы ғана жұмыс істейді. Табысы мардымсыз. Айлығы 50-60 мың теңге. Олар жаңа өзгеріс тұрмысымызды жақсартуға сөзсіз сеп болады,-дейді.

Гүлмира Ахметова, күміс алқа иегері:

- Әр балаға 21 мың теңге тағайындалады деп жатыр ғой. Соны естіп қуанып жатырмыз. Үйге кірген табыс қана есептеледі деп жатыр. Басқа атаулы әлеуметтік көмектер есепке алынбайды деп жатыр. Біз оған қуаныштымыз.

Көмекке аса мұқтаж және көпбалалы отбасылардың биылғы 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алуын Елбасы қатаң тапсырды. Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шараларды сапалы жүзеге асыру үкімет пен өңір әкімдерінің негізі міндетіне айналуы тиіс.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу