Оралда бір күнде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 400 адамнан құжат қабылданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда бір күнде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 400 адамнан құжат қабылданады

09.04.2019

Оралда бір күнде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 400 адамнан құжат қабылданады. Жұмыспен қамту орталығында әлі де ұзын сонар кезек. Әлеуметтік қолдау бойынша ай басынан бері 5 мыңнан астам адам кеңес алған. 1400-ге жуық өтініш қабылданған. Батыс Қазақстаннан Ардақ Мұратқызы мән-жайды баяндайды.

Жұмыспен қамту орталығында жанталас. Мамандар «кісі көп» десе де, келген халық кешке дейін күтуге бар. Кезекте 200 адам тұрса да, тапжылмайды. Бәрі де көмекке зәру.

Әсел Хайрушева,  жалғызбасты ана:

Мен  9:00-да келдім, сағат 12:00-ге жақын болды әлі отырмын. Екі балам бар. Жалғызбасты анамын. Пәтерге төлеп отырған ақшамды арендаға төлесем деп ойлаймын.

Көпбалалы, табысы аз отбасылар мен жазғызілікті, мүгедек жандар жәрдемақы, жұмыс, баспанаға мұқтаж.

Мәдина Ғабдуллина,  көпбалалы ана:

7 балам бар, пәтер жалдап отырмын, 45 мыңға. Кішкентайым 5 жаста, ең үлкені 21-ге толды. Баспана жөнінен көмектессе, көпбалалы ана деп біздерді. Тиесілі ақшамызды алсақ, балаларға.

Орталық мамандары 1 сәуірден бері күніне 400-ге жуық адамға кеңес береді.  Өтінішін қабылдап, жеке бас мәліметін дерек базасына енгізеді.

Шыңғыс Шәкіл, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:

Өтініш беруші атаулы әлеуметтік көмекке тек жеке куәлігімен жолыға алады. Жаңа форматтағы АӘК тағайындау кезінде егер студент балдары болатын болса, олардың стипендиясы, 4 балалы немесе «Күміс алқа», «Алтын алқа» бойынша алатын жәрдемақысы, мүгедек балаларға берілетін жәрдемақысы есепке алынбайды.

Жыл басынан бері 600-ге жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның 167-сі көпбалалы.

Әбубәкір Медетов,  ІІ топ мүгедегі:

ІІ топ мүгедегімін, енді жұмысқа жарамайтын болғасын, мына әлеуметтік көмек беріп жатыр дегесін, құжат жинап келіп тұрмыз. Әйелім жұмыссыз, 4 балам бар. Әрине, бұған дейін АӘК алдық. 3 ай сайын құжат тапсырып, 15, 20, 25 мың теңге алып тұрдық.

Отбасы туралы мәлімет дерек базасына енгізілген соң, комиссия әр үйді барып тексереді. Көмекті тағайындауға шамамен 1 айдай уақыт кетеді. Мамандардың айтуынша, асығып-аптығудың қажеті жоқ. Құжатты қашан тапсырсаңыз да, көмек 1- сәуірден бастап есептеледі.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу