Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаж отбасыларға беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаж отбасыларға беріледі

06.01.2020

Биыл атаулы әлеуметтік көмек тек жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларға беріледі. Бүгінде шарт өзгеше, талап қатаң. Мамандар бұрынғыдай тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпейтіндігін айтады. Ал көпбалалы отбасылардың табысына қарамастан жаңа жәрдемақы тағайындалды. Енді бұл көмекке еліміздегі кәмелет жасына толмаған 4 және одан да көп баласы бар отбасылардың барлығы ие болмақ.

Елімізде дәл осындай 378 000-нан астам көпбалалы отбасы бар. Енді олар бала санына қарай жаңа жәрдемақыға ие болады. Мәселен, 4 бала – 42 496, 5 бала – 53 127, 6 бала – 63 657, 7 балаға – 73388 теңге төленеді.

Ал мемлекеттік қолдаудың тағы бірі — атаулы әлеуметтік көмек шартында отбасының табысы міндетті түрде ескеріледі. Көмектен бөлек, жанұядағы 6 жасқа дейінгі балғындар гигиеналық заттармен, 18 жасқа дейінгі балалар мектепте ыстық тамақ, мектеп формасы, оқу құралдарымен тегін қамтамасыз етілуі тиіс. Егер отбасында 23 жасқа дейінгі студент болса жәрдемақы төлене береді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін жан басына шаққандағы орташа кіріс 20789 теңге болуы шарт. Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, сіздің жалақыңыз орташа есеппен 100 мың теңге делік. Отбасыңызда 6 адам бар. Енді осы қаражатты жан басына бөлеміз. Сонда 16000 теңге шығады. Мұндай жағдайда сіз атаулы әлеуметтік көмекке ие боласыз. Ал асып кетсе құжат тапсырудың да қажеті жоқ.

Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін отбасылық кіріс әр 3 ай сайын тексеріледі. Тағы бір шарты — жұмыспен қамту орталығы тарапынан жанұяның еңбекке жарамды мүшесіне бос жұмыс орындары ұсынылады.

Көмекпен қоса жеңілдетілген шағын несие, қайтарымсыз грант беріледі. Тіпті жаңа кәсіпті ашудың қыр-сырын да тегін үйрене аласыз.

Мемлекет тағайындаған бұл көмектерді алу үшін Жұмыспен қамту орталықтарына бару қажет. Жеке куәлікті көрсетіп, өтініш жазсаңыз жеткілікті. Ал жәрдемақы құжат тапсырған күннен бастап тағайындалады.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу