«Masele». Қазақстанның 15 қаласындағы ауаның құрамындағы зиянды қалдықтар мөлшерден тым артық
Толағайды толғатудан шаршамайтын құрметті біздің көрермен, аңдатпадан-ақ бүгін айтар ақпараттың аста-төк екенін аңғардыңыздар. Десе де, апат ауадан келеді дегенге атүсті қарайтын, күн қанша жылынса да жаһанды жайпайтын төтенше жайттар болмайды, деп санайтын қандас көп екен қатарымызда. Сізде солай ойласаңыз, екі ресми ақпарат айтамын, тыңдаңыз.
БҰҰ-ның сарапшылары ауа райының қазіргідей күрт жылынуы Жер бетіндегі жануарлар мен өсімдіктердің 30-40 пайызын тұқымымен жойып жібереді деп кесіп айтты. Бұл бір. Екінші. Қоршаған ортаға тасталатын өндірістік қалдықтарды дереу азайтпаса, Африка, Латын Америкасы мен біз мекен ететін Азия құрлығында алдағы 60 жылда 600 миллион адам ас-сусыз қалып аштыққа ұшырайды. Сұмдық.
Аталған апаттар бізді айналып өтуі үшін не істеуіміз керек? Жаһанды жалмайтын табиғи тажалға жұтылып кетпеу үшін өзгеге де, өзімізге де қандай талап қоюымыз керек? Жарты сағат тапжылмай тыңдаңыздар, біз айтамыз.
Алғысөзде ауаның ауанын аңдамасақ не боларын, яки салдарын айттық. Енді себебіне тоқталайық. Тоғыз ғаламшардың ішінде неге тек Жерге топалаң келді деген сұрақ көкейіңізде көлкіп тұрса, оған қазақтың бір ауыз сөзімен жауап қатуға болады. «Дәніккеннен құныққан жаман».
Рас, адамның құныққаны сонша тұтас ғаламшарды апаттың алдына әкеліп, ондағы тіршіліктің басын бәйгеге тікті. Түйткілдің түбірі мынада: қазір әлемде мұнай, көмір, темір...тағысын тағы қазба байлықтардың қоры азайған. Бабаларымыз тауысып кеткен жоқ, біздің қомағай буынның балаларымызға түк қалдырмайтын түрі бар. Сарапшылардың есебі солай, адам баласы бүгінге дейін өндірген қазба байлықты таразыға тартса, соның тең жартысын соңғы 10-15 жылда қазып, сорып алыппыз қара жерден.
Салдарынан 2100 жылы алты құрлықтың жартысында адам төзгісіз алапат ыстық болады. Қазір «қара алтынның» арқасында сары алтынға көміліп жатқан Сауд Арабиясы, Катар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері мен Таяу Шығыс елдерінде өмір сүру мүлдем мүмкін болмайды делінген БҰҰ есебінде. 2070 жылы Парсы Шығанағында ауа температурасы 74-77 градусқа дейін көтерілуі ықтимал.
Ауаға тасталатын зиянды қалдықтарды азайтпаса, адамзатқа ақырзаманның тым тез жететінін «қара алтынның» буына мастанғандардың жетесіне жеткізу мұң болып тұр. Басқа емес, Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымның бас хатшысы Петтери Таалас: «Арктикадағы мұз тым тез еруде. Салдарынан табиғи апаттар жиілеп кетті. Түсініңіздер, ауа температурасы сәл көтерілсе тұтас адамзат баласына қауіп төнеді», деп шыр-пыр болды жуырда жасаған баяндамасында.
Айтса айтқандай, Арктикадағы мұз бетінің температурасы соңғы 50 жылда 5 градусқа көтерілген. 1970 жыл мен 2002 жылды салыстырған зерттеушілер, мұндағы мұздың көлемі 25 пайызға азайғанын айтты. Еріген мұздық ешқайда кетпейді, соңғы кезде жиілеген судан болған цунами, тұрғындарымен бірге суға тұншыққан құрлықтар соның айғағы. Қайтпек керек, БҰҰ адамдарға айтқаны өтер деп адамзатқа танымал тұлғаларды тартты. Соның бірі Голливуд актері Роберт Редфорд арнайы баяндама жасап: «Африкадағы аштық, Америкадағы орман өрттері, әлемнің әр түкпіріндегі табиғи апаттар бізді ойландыруы керек. Климаттың өзгеруі бәріміз үшін қауіпті, сондықтан бірігіп әрекет етейік», деді.
Актердің айтқанын қарапайым адамдар естіді, ал ғаламдық жылынуға басты себепкер шикізат өндіруші елдер ше? Олар ел елеңдеген мәселені елемейді, деп ашынады сарапшылар. Мәселен, 1997 жылы Жапонияның Киото қаласында жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге арналған халықаралық құжат қабылданды. «Киота хаттамасы» деп аталды. 192 мемлекет қолдаған құжат 2005 жылы күшіне енді. Бірақ, оның қоршаған ортаны ойлайтын шарттарын орындағандар қат.
Оған жанар-жағар майды жағудың 9 жылда 24 пайызға өскені дәлел. Демек, мұнайға сұраныс мол, одан түсетін қаржы да қомақты. Осыдан соң қазба байлықты өндіруді өмір сүрудің негізі деп білетін елдерге ғаламдық жылыну туралы айтып көріңіз. Өзгеден өзімізге өтсек, Қазақстанның 15 қаласындағы ауаның құрамындағы зиянды қалдықтар мөлшерден тым артық, деді сарапшылар. Ең лас өңірлер Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары екен.
Назым ҚАЙРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы