Қазір Парламент қолданыстағы көлік мәселелері жөніндегі заңға осындай өзгеріс енгізуде. Мұндай бастамаға қандай проблемалар түрткі болды?
Ербол Мәндібек, тілші:
- Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдер: Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан және Беларусь. Дәл осы төрттіктің аумағында көліктер емін-еркін қозғалады. Тиісті тәртіпке сәйкес, тіркеусіз жүре береді. Басқаларындағы жағдай беймәлім. Соңғы жылдары Қазақстанға Ресей, Қырғызстан және Армениядан келген көліктер қаптап кеткені қатты байқалады. Олардың есебінен болып жатқан заңбұзушылықтар екі есеге өскен.
Мемлекеттік автомобиль инспекциясы басқарма бастығының орынбасары Юрий Козлов жағдайдың күрделеніп кеткенін айтып отыр. Оның дерегіне қарағанда 2017 жылы Қазақстан аумағында көрші елден келген көліктердің қатысуымен 64 мың жол ережесі бұзылған. Айыппұл көлемі 1 миллиард теңгеден асып түскен. Шетелдік көлік құралын тізгіндегендер көбіне жылдамдықты шамадан асырған. Тәртіп бұзғандар өзгенің емес сол көліктерді сатып әкеліп мініп жүрген өзіміздің азаматтар. Заңбұзушылықтың саны 120 мыңнан астам. Айыппұл 1 миллиард 68 миллион теңге. Бір қызығы осыншама айыппұлдың қазынаға бар болғаны 20 пайызы ғана өндірілген.
Юрий Козлов, Мемлекеттік автомобиль инспекциясы басқарма бастығының орынбасары:
- Айыппұлды толық өндірмеудің бірнеше себебі бар. Мәселен, сол шетелдік көлікті мініп жүрген жүргізушінің жеке тұлғасын анықтау қиын. Себебі ол мінген машина бізде тіркелмейді. Заң бұзушыны анықтау үшін көлігі туралы ақпарат алу керек. Ол үшін көрші елдің құзырлы мекемелеріне хат жіберу керек. Олардан жауап келгенше қыруар уақыт кетеді.
Халық арасында Ресейден немесе Қырғызстаннан келген көліктерге «заң жоқ» деген ұғым бар қазір. Анығын айтқанда, «оларға ешқандай айыппұл салынбайды, ереже бұзсаң, жазаға тартылмайсың» деген жаңсақ пікір қылаң беріп жүр. «Оның барлығы дақпырт»,- дейді полицейлер. Барлық заңбұзушылықтар мен айыппұлдар ортақ базаға жазылуда. Ерте ме, кеш пе, төлеуге тура келеді.
Ербол Мәндібек, тілші:
- Көрші елден келіп жатқан көліктердің мәселесі осы күні Парламенттің қабырғасында қаралып жатыр. Турасын айтсақ, аталған проблеманы реттеу үшін «Жол жүру ережесі туралы заңға» өзгерістер енгізу көзделуде. Ондағы басты мақсат - басқа мемлекеттің көлігін мініп, заңды белшеден басып жүргендерді жедел анықтау және дер кезінде жауапқа тарту.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің айтуынша, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерден келген көліктерге енді уақытша тіркеу тәртібі енгізіледі. Жаңа заң күшіне енетін күн алыс емес. Көлікті тіркеуді шекара бекеттерінде және электронды портал арқылы іске асыруға болады. Мұның барлығы қауіпсіздікті күшейтіп заңбұзушылықтардың алдын алу үшін жасалып жатыр.
Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ешкімнің құқығы шектелмейді. Егер шетелдік көлік Қазақстанға 10 күннен артық уақытқа кіретін болса, онда шекарадан сақтандыру алатының белгілі. Енді біз ұсынған ереже бойынша сақтандырумен қоса, автоматты түрде уақытша тіркеуге тұрады. Міне, осыны заңмен реттегелі жатырмыз. Онда көлікті тіркеген адамның аты-жөні, қайдан келгені, мекенжайы, жеке сәйкестендіруші нөмірі барлығы жазылады. Нәтижесінде кез келген заңбұзушылықты анықтау ешқандай қиындық тудырмайды.
Өзгерістер енгізіліп жатқан «Жол жүру ережесі туралы заң» жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында жан-жақты қаралып, Үкіметтің бекітуіне жіберілген. Егер оның жобасын барлық құзыретті ведомстволар құптаса, онда екінші оқылымда тағы да пысықталмақ. Қысқасы, көрші мемлекеттен келіп жатқан көліктерді тіркеу мен бақылау ережесі жақын арада енгізіледі деп жоспарлануда.
Ербол МӘНДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.