Астанада қоғамдық көлікте жүру тарифі өзгеруі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қоғамдық көлікте жүру тарифі өзгеруі мүмкін

20.02.2019

Енді күндік, апталық, айлық секілді абоненттік төлемдер енгізілмек. Сондай-ақ, бұрын көпбалалы аналар автобуста тегін жүрсе, енді олардың балаларына да тегін жүру мүмкіндігі қарастырылуда. Бүгін Астана әкімі Бақыт Сұлтанов халық алдында есеп берді. Онда әлеуметтік мәселелер көп талқыланды. Үш сағаттық жиында 50-ге жуық сұрақ қойылып, түстен кейін басшылар азаматтарды жеке-жеке қабылдады.

Әкім алғысөзін көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайынан бастады. Көпшілік көкейіндегі баспана мәселесін шешу үшін мұндай отбасыларға кейін жекеге айналатын арендалық баспана салынады. Жиындағы тұрғын үй мәселесіне қатысты сауалдарға ортақ жауап осы болды. Баспанаға қатысты тағы бір мәселе - үлескерлер жайы. Бұл тақырыпқа қатысты да бірнеше сұрақ болды.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Нақты сіз айтып отырған «Жағалау 3» нысаны бойынша айтарлықтай мәселе жоқ. Қазір банкпен келісім бар, олар ақша құяды. Ғимарат дайын тұр, енді техникалық мәселелері мен лифт қосу ғана қалды. Наурыз айында кілтті қолыңызға аласыздар.

Әкім білім саласының жұмысын оң бағалады. Жыл соңына дейін оқу ордалары мен ондағы асханалар 100 пайыз бейнебақылаумен қамтылып, 300 орындық жатахана салынады. Сондай-ақ, биыл мың ұстазға тұрғын үй сертификаты беріледі. Астаналықтар кездесуде қоғамдық көлік мәселесін де көп көтерді.

Әкім мұндай мәселелер біртіндеп шешілетінін айтты. Қазір күн сайын 700 мыңға жуық астаналық қала ішінде автобуспен қатынайды. Электронды төлем жүйесі былтыр енген. Жаңа тәртіп қалыпқа түсті, енді тариф өзгеруі мүмкін. Күндік, апталық, айлық жүріп тұру тарифтері болуы мүмкін. Бұл мәселе келесі айда қоғамдық талқылауға шығарылады.

Бекмырза Игембердиев, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:

- Наурыз айының соңына дейін қоғамдық тыңдау өтеді. Онда біз жаңа тарифтерді таныстарамыз. Біз күндік, апталық, айлық және үш айлық тарифтер болады.

Көпбалалы отбасылардың балалары үшін де жағымды жаңалық. Мәслихат депутаттары көпбалалы отбасылардың балаларына тегін жүру тарифін енгізуді сұраған. Бұл мәселе қазір жан-жақты қаралуда.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу