Климаттың өзгеруінен күріш өндіру 30 пайызға азайып кетуі мүмкін
Қазір әлемде экологиялық мәселе аса өткір тұр. Оның жаһандағы жағдайға, өмірдің барлық саласына тигізетін әсерін сезінген әлем елдері экологияның өзгеру мәселесін ең жоғары деңгейде талқылап келеді. Ғаламдық бұл үрдіс елімізді де айналып өтпейтіні белгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, Қазақстанда соңғы 50 жылда орташа ауа температурасы тиісті нормадан 1,5 градусқа көтерілген. Яғни, қыс бұрынғыдан жылы әрі ылғалды, жаздың құрғақ болатыны содан. Жаһанда климаттың өзгеруі, әсіресе, ауыл шаруашылығын күнкөріске айналдырған аймақтарға үлкен зиян келтіре бастады.
Қазақстандықтар жылына 133 мың тонна күріш жейді. Ішкі нарықты қамту үшін 120 мың гектар жерге күріш егіледі. Оның 90 мыңы Қызылорда өңірінде. Талай жылдан күріш өсірумен айналысып келе жатқан дихан Ерлан Досмаханов биыл дақыл түсімі аз болады деп алаңдап отыр.
Ерлан Досмаханов, шаруа:
- Ертеректегі адамдардың айтуына қарағанда, бұрын өнімді көп алған. 60-70-ке дейін... Қазір ондай жоқ. Өйткені, судың тапшылығы кездесіп қалады.
Өмірін ауыл шаруашылығын зерттеуге арнаған ғалым Бақтияр Садықтың болжамы тіпті жаман. Егер жаһандық жылыну мәселесіне біздің мемлекет қазірден бастап көңіл бөлмесе, елдегі күріш өнімі 30 жылдан кейін 30 пайызға азаяды.
Бақтияр Садық, академик-ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
- Сыр өңірінде, ақпан айының басында қар жататын. Мына Сыр өзені қатып, мұз болып жататын. Қазір қараңызшы, ешқандай мұз жоқ. Келешекте судың тапшылығы, жердің шөлейттенуі өте өзекті мәселе болады. Мысалы, Қазақстанның 70 пайыз жері қуаңшылық жерде орналасқан. Ал, ғасырдың соңына қарай ол одан бетер қуаңшылыққа айналады.
Күріш, әдетте, мал азығы дақылдарымен бірге өсіріледі. Сондықтан бұл шаруашылықтан айрылып қалсақ, мал басына да қауіп төнеді.
Жаһандық жылынудың салдарын топырақтың тұздануы арқылы да білуге болады. Ауа температурасының жоғарылауына байланысты, жерасты сулары буланып, ауаға көтеріледі де, топырақтың бетінде тұз ғана қалады. Ал, ол жаз кезінде шаң-тозаңға айналып, адам ағзасына кері зиянын тигізеді. Мәселен, міне, оның бір көрінісі - топырақтың беті аппақ болып тұр.
«Бұл - жерден шұрай, топырақтан құнар кетіп, егістік көлемі кемиді деген сөз. Ғалымдар климаттың жылынуына кінәлі – адамзаттың өзі дейді.
Әзірге Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігі жаһандық жылыну салдарымен күресуге кірісіп кетті. Олар Қызылорда өңірінде суды үнемдеу бойынша жаңа технологиялар енгізіп, табиғатты аялау, елдегі азық-түлік қорын сақтау сияқты бірнеше жобаны қаржыландырып отыр.
Адамзат климаттың өзгеруіне бейімделе бастады. Күріштің әйгілі «Ақ маржан» сортын шығарған селекционер Құрманбек Бәкіров «қуаңшылыққа төзетін дақылдарды өсіруіміз қажет»,- дейді.
Құрманбек Бәкірұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, селекционер:
- Егіс көлемін азайтып, бірақ өнімі жоғары болуы керек. Аз жерден көп өнім алуға болады. Сондай сорттарды шығарумен біз қазір айналысып жатырмыз.
Күйбең тірлікпен жүрген пенде үшін жаһандық жылыну мәселесі өзіне еш қатысы жоқ сияқты елестеуі мүмкін. Әсте, олай емес. Себебі климаттың өзгеруі қарапайым азық-түліктің азаюына тікелей әсер етіп жатыр. Мәселен, мына күріштің өзі 50-60 жылдан кейін іздеп жүріп жейтін жеңсік асқа айналуы әбден мүмкін.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы