«Цифрлық армия» күні. Бүгін дәл осындай атауды арқау еткен жаңа жоба таныстырылды. Шара «Астана хаб» ІТ стартап халықаралық технопарк алаңында өтті. Осыдан бірнеше жыл бұрын жоғарғы қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен аталған жоба басталған еді. Бүгін ресми таныстырылымы өткен шараға Премьер-министрдің орынбасары-Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев және Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты.
«Цифрлық әлем», «Цифрлық Қазақстан» деген тіркестер тұрмыстан тұрақты орнын тапқалы қашан. Бүгіннен бастап бұл қатарға «цифрлық армия» да қосылды. Бүгінгінің қорғаныс дегеніңіз қолға қару алып, танкімен атысу емес, әрине. Кибер және ақпараттық қауіпсіздік, ең соңғы үлгідегі байланыс құралы, ақпарат алмасудың сандық форматына көшу секілді міндет тұр. Осы үдеден шыға алған армия ғана қорғанысқа қауқарлы деп саналады.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:
- Бүгінгі күні жоғары технологиялық цифрлық инфрақұрылым құрылуда. Картада «смарт» аудандар, «ақылды» қалалар пайда болуда. Цфирландыру өміріміздің барлық салаға еніп жатыр. Әскери сала да соның ішінде бар.
Отандық ғалымдардың ақыл-ойының жемісі қорғаныс саласында сұранысқа ие. Александр Колесников әскерді толықтай сандық форматқа көшіруді заман талабы дейді. Олар өндіретін мобильді кешендер, кез келген жерден спутниктік байланысқа шығып, стратегиялық маңызды міндеттерді іске асыруға қауқарлы.
Александр Колесников, «OTC-Network» кәсіпорнының директоры:
- Біздің өнім шетелде де сұранысқа ие. Өзбекстан мемлекетінің Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерімен әріптеспіз. Алдағы уақытта Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан нарығына шығу жоспарда бар.
Айта кету керек, көрмеге қойылған қорғаныс және ақпараттық технологиялардың барлығы отандық өнім. Ақылды технологияларды өз көзімен көрген қос министр жоғары баға берді.
Шара соңында Қорғаныс министрлігі, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, «Зерде» ақпараттық коммункациялық холдингі, «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы және Қазақстан ІТ компаниялары арасында 5 жақты меморандумға қол қойылды.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.