Қарттар үйі: Әрқилы тағдырлар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарттар үйі: Әрқилы тағдырлар

01.02.2019

Жастар жылы тек мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар жылы ғана емес. Бұл - ұлттық тамырымызға бойлап, асыл құндылықтарымызды жаңғыртатын да кезең. Президент «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген атпен өткен Жастар жылының ресми ашылуында қарттар үйін паналаған жандар жайына да тоқталды. Елбасы қарттар үйіндегі үлкен кісілерді көргенде қабырғасы қайысатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақта ондай бәле болған жоқ. Қартайған әке-шешесін үйінде ұстайтын. Кіші бала отау иесі емес пе?

Сол себепті Елбасы Батысқа ілесемін деп, ата-баба салтын ұмытуға болмайтынын айтып, жастарға ақыл-кеңесін берді. «Әсіресе, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін дарытудың маңызы зор», - деді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта елімізде 50-ден аса қарттар үйі бар. Оларда 5 мыңнан аса қария тұрады. Бір ғана Астана қаласындағы осындай әлеуметтік мекемеде 200-ге тарта адам пана тауып, мекен етіп отыр. Қазақ халқының тәрбиесі мен мәдениетіне мұндай дүние мүлдем жат десек те, онда тұратындардың басым көпшілігі - қазақтың ақ жаулықты әжелері мен ақсақалдары.

Айғаныс әжей күрсініп әңгімесін бастады. Ағайын-туыс көреді деп, алғашында камерадан қысылды. Іште жатқан өкпе мен нала сыртқа сезіліп-ақ тұр. 40 жыл отасқан жары 2001 жылы дүние керуенінен қайтқан. Елге сыйлы, ортаға беделді жұп талай қызмет те атқарған. Алайда, нәресте сүю бақыты бұйырмапты. Бала асырап алып, барын берген. 2002 жылы өз пәтерін сатып, сол балаға үлкен үй салып беруді жөн көреді. Бірақ келін мен ене арасы жылымай, Айғаныс әже осында келген.

Айғаныс Орынтайқызы, қарттар үйінің тұрғыны:

- Сол кісілер кеткен күні келін жанжал шығарды ғой. Сонда маған құдағидың айтқаны: «сен менің қызыммен сіңіскің келсе, ешкімді шақырмайсың, ешқайда шықпайсың», - деді. Мен ондайға үйренгенмін бе. Сөйтіп кетіп қалдым.

Мұсабек Жолдасбекұлының әдеттегі күні осы сөзжұмбақты шешумен өтеді. Бар ермегі - осы. Кезінде тағдыр тәлкегіне байланысты шаңырақ көтермепті. Дегенмен, үлкен бір әулеттің мүшесі. Бір ана мен әкеден туған ағайыны баршылық. Сол жас келіндер мен немерелерден қысылатын қария қарттар үйіне өзі келіп сұранған.

Мұсабек Жолдасбекұлы, қарттар үйінің тұрғыны:

- Көшіп кел дегенге өзім де қарсымын. Қалай олармен мен бірге тұра аламын? Менің соңымнан келіндер жүру керек. Киім, тамағымды дайындап беру керек. Оларға керегі жоқ қой. Осыған да тәуба.

Ал, Айжан Ахметова - қарттар үйіндегі ең жас тұрғындардың бірі. Алпыстың үшіне келген апай «бұл жалғанда жападан-жалғызбын», дейді. Ата-анасы мен бауырлары, Құдай қосқан жұбайы жастай кетіп, барлығын да өз қолымен жер қойнауына тапсырған. Жақсылық жасауды жаны сүйетін Айжан ханым қазір өзінен үлкен көршілеріне көмектесуді өмірлік миссиясы деп алған.

Иә, қарттар үйі - сан түрлі тағдырлар мекені. Қартайғанда бейнеттің зейнетін көріп, отбасы ортасында олар да өмір сүргісі келеді. Бірақ тағдыр тәлкегі осында әкелген. Оған қарамастан қариялар әлі күнге дейін аракідік келіп тұратын балаларына қаржылай қолдау да көрсетеді екен.

Жүрегінде жылуы бар адамның көңілі бұл жерден құлазымай шықпайды. Заманауи ғимаратта бар жағдай жасалғанымен отбасының орнын баса алмас. Қария бар жерде береке бар. Қарт бар жерде тоқтау бар. Олар айтатын ақылдың құны ерек, олар көрсететін жолдың жөні басқа. Қарияларды қадірлеп, ардагерлерді ардақтай білейік.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу