Егіндібұлақ ауылында ет өңдейтін кәсіпорын өндірістік қуатын ұлғайтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егіндібұлақ ауылында ет өңдейтін кәсіпорын өндірістік қуатын ұлғайтты

31.01.2019

Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылындағы ет өңдейтін кәсіпорын өндірістік қуатын ұлғайтты. Жері шұрайлы Балқантау баурайында жайылған малдың табиғи таза етінен жасалған тағамға сұраныс жоғары. Қазір олар бір ауысымда 800 келі дайын өнім шығарады. Соның арқасында жұмысшылардың жалақысын көбейтуге де мүмкіндік туған. Бұған дейін өнімдерін тек облыс аумағында өткізіп келсе, енді биылдан бастап Астанаға да жеткізуді жоспарлап отыр.

Балқантау баурайындағы осыдан 5 жыл бұрын ашылған шағын кәсіпорынның өнімін қазір облыс жұрты іздеп жүріп алады. Себебі, тағамдары еш қоспасыз, таза еттен жасалған. Биыл өндіріс қуатын ұлғайтып, өнім түрін 20-ға жеткізді.

Гүлжан Рамазанова, кәсіпорын технологы:

- Кейінгі шығарған өніміміздің бір түрі осы шұжық жылқының етінен жасалған. Мұның ішінде ешқандай қоспа жоқ. Таза ет қана, 100 процент жылқы еті.

Қазір кәсіпорында 5 цех жұмыс істейді. Ауылдың 30-ға жуық тұрғыны еңбек етеді. Олар бір ауысымда тұшпара, шұжық секілді 800 келі дайын өнім шығарады. Алдағы уақытта тауарды Астана қаласына да жібермек. Табыс көбейген соң биыл кәсіпорын жұмысшылардың жалақысын да 10 пайызға өсірді.

Марал Әбілдина, Егіндібұлақ ауылының тұрғыны:

- Өнімі өте тамаша, жақсы. Бағасы тұрақты деуге болады.

Кәсіпорын қожайыны қыстауда мал ұстайды. Бірақ, бұл цех жұмысын үзбей жүргізу үшін жеткіліксіз. Сондықтан, жақын маңдағы ауыл-аймақтан ет қабылдайды. Есесіне, жұрт шалғайдағы облыс орталығына барып әуреленбейді.

Өмірзақ Аманжолұлы, Егіндібұлақ ауылының тұрғыны:

- Етті 300 шақырымға тасығанша, әрдайым осы кісілерге тапсырып отырамыз. Бұл кісілердің ет өнімдері жақсы, етті жақсы қабылдайды. Біз ризамыз, халық риза.

Жалпы, қазір Қарағанды облысы аумағында ет өңдейтін 27 кәсіпорын бар. Олар бір жылда шамамен 5700 тоннаға жуық тауар өндіреді. Әзірге отандық өнім тек ішкі нарықта саудаланады. Келешекте экспортқа шығару жоспарда бар.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу