Абай облысында ауыл халқын алыпсатарлар алдап соққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында ауыл халқын алыпсатарлар алдап соққан

11.05.2023

Абай облысы мен Шығыс Қазақстан халқы, алаяқтардан зардап шегіп отыр. Төрт түлігін алыпсатарларға саудалаған ауыл тұрғындары 38 миллион теңге алашағымыз бар дейді. Өңірде ет өңдейтін кәсіпорындар болса, айдаладан келген алаяқтарға бұлай жем болмас едік деп налиды жұрт. Қытаймен шекарада орналасқан Ахметбұлақ ауылының тұрғындарының бір күнде қоралары бос қалған. Өткен жылы қуаңшылық салдарынан жем-шөп жинай алмай, ауылдықтар күзде қолда барын сатуға бел буған. Өткізетін жер таппаған соң қой мен сиырын алыпсатарларға қарызға берген. Бірақ, алғандар ақысын бермей сан соқтырып кеткен.

Назар Сәдуақасов, Ахметбұлақ ауылының тұрғыны:

Жалпы ауылға 38 миллиондай қарыз екен. Менің өзіме 7 миллион қарыз. 300 бас қойымды тиеп әкетті. Сол беті жоқ болды. Мал да жоқ, ақша да жоқ сонымен жүрміз міне.

Қалихан Тисанов, Ахметбұлақ ауылының тұрғыны:

Мен ана Қордайға да саттым мал. Олар да қарызға деп алып кетті. Олардан да әлі ала алмай жүрміз ақшаны. Сол ауылда тұрғың да келмейді. Таяу жерден халыққа жағдай жасап, етті алатын бірдеңе жасаса шіркін!

Абай облысында бір де бір ет өңдейтін ірі кәсіпорын жоқ. Шұжық жасайтын үш шағын цех қана бар. Сондықтан, мыңғырта мал айдағандар ет тапсыратын жер таппайды. Облыс басшыларының мәліметінше соңғы жылдары өңірде төрт түлік саны еселеп артқан. Сондықтан шикізат өткізетін ірі өндіріс салу арқылы шарулардың мәселесін шешеміз деп уәде беріп отыр.

Айдын Кәрімов, облыс әкімінің орынбасары:

2023-2024 жылдарға нақты жоспарымыз бар. Оның бірі Семей қаласы аумағында орналасатын кәсіпорын. Оның жылдық қуаттылығы 12600 тонна. Бүгінде жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жобаға сәйкес оның құрылысын аяқтау және пайдалануға беру келесі жылға жоспарланған.

Оған қоса 600 тонна шикізат өңдейтін, ет-консерві зауытын да жыл соңына дейін іске қосу жоспарда бар көрінеді. Жобалар ойдағыдай орындалса ауылдағы ағайынның тап болып келген түйткілі шешімін табатын сыңайлы. Ал маңдай термен өсірген малынан айырылып, алаяқтарға алданған ахметбұлақтықтар енді құқық қорғау органдарына жүгінуден басқа амал қалмады деп отыр.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу