Ақтөбені абаттандыруға атсалысқан көлік жүргізушілері 10 айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбені абаттандыруға атсалысқан көлік жүргізушілері 10 айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр

29.01.2019

Жалақы алмағандардың жанайқайы! Ақтөбені абаттандыруға атсалысқан көлік жүргізушілері 10 айдан бері еңбекақыларын даулап жүр. Мердігер мекеменің жұмысшыларға жалпы қарызы 30 млн. теңгеге жеткен. Бір қызығы, қала әкімдігі көлік жүргізушілерінің жаз бойы жұмыс істегенінен мүлде бейхабар болып шықты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл - шаһардың жедел өсіп келе жатқан «Нұр Ақтөбе» шағын ауданы мен «Рауан» елді мекенінің аралығындағы аумақ. Жұмысшылар 43 гектар жерге отырғызылған талдарды жаз бойы суарып келген. Ең сорақысы, жергілікті әкімдік өкілдері көз алдарында не болып жатқанын білмеген.

Жұмысшылар былтыр мамыр айында «Экопарк» деген серіктестікпен келісім жасасқан. Су тасуға арналған көліктерімен қала аумағына отырғызылған 200 мың көшетті суарыпты. Алайда, атқарған жұмыстарының ақысын әлі күнге ала алмай жүр.

Асылбек Тасқараев, көлік жүргізушісі:

- Бүкіл құжат бар. «Экопаркпен» жасалған келісімшарт, жасалған жұмыс актісі бар. «Экопарк» өзі де бас тартып тұрған жоқ. «Экопарктің» өзі ақшасын ала алмай жатыр.

Болат Кенжалин, көлік жүргізушісі:

- Суардық, бір айдан кейін айлық сұрап едік, «екінші айда болады», деді. Екінші айда «үшінші айда болады», деді. Сонымен уақыт өтіп кетті. Ала алмай жүрміз. Бұл кісіге барсақ, «Маған ЖКХ төлемейді, менде ақша жоқ», - дейді.

Анықтағанымыз, «Экопарк» серіктестігі былтыр жыл басында қала әкімдігімен ауызша келісіп, қала аумағындағы жасыл желекті суару міндетін алған. Алайда, кейін тендер өтпей қалады. Серіктестік көлік жүргізушілерінен басқа қызметкерлерге де қарыз. Қазір 40 адамға 30 миллион теңге берешегі бар.

Александр Гаврилов, «Экопарк» ЖШС учаске басшысы:

- 2018 жылғы көктемде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басшысының міндетін атқарушымен ауызша келісім болды. Бізге ақшаны төлейміз деді. Тал егу маусымын өткізіп алмау үшін біз сәуірде жұмысты бастап кеттік. Одан кейін тендер өткізбей тастады. Бұл кісілерден өзге  30-дан аса адамға қарызбыз.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы өкілдерінің айтуынша, «серіктестік тендерді ұтпаған, сондықтан, заң бойынша «Экопаркқа» берешек емеспіз», - дейді олар. Әкімдік өкілдері өздерінің балансында тұрған аумақта не болып жатқанын білмейтін де болып шықты. Жұмысшылармен ауызша келісім жасаған маманның кім екені де айтылмады.

Жұлдызбек Бисембин, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Аумақ біздің баланста, бірақ, тал ек деп ешкім айтқан жоқ. Тендер болмаса қалай егеді?  «Экопаркпен» жұмысшы арасындағы өздерінің келісімшарты болған шығар. Бізбен келісімшарт болып, біз ақшасын төлемесек, «Экопарк» бізді сотқа беретін еді.

Осылайша, екі ортада қарапайым жұмысшылардың еңбегі еш кетіп отыр. Олар амалсыз енді құзырлы орындарға жүгінбек. Көбінің несиесі бар. Жалдамалы баспанада тұратындары айлап пәтерақысын төлей алмай жүр. Өздері суарған ағаштармен бірге қарыздары да өсіп жатыр. 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу