Ақтөбелік кәсіпкерлер бөгет салумен айналысқан ақшаларын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік кәсіпкерлер бөгет салумен айналысқан ақшаларын ала алмай жүр

01.03.2024

Ақтөбеде көктемгі су тасқыны кезінде бөгет салумен айналысқан кәсіпкерлер бір жылдан бері ақшаларын ала алмай жүр. Он адамның техникасын аудан әкімдігі арқылы жалға алған мекеменің қарызы 20 миллион теңгеден асып кеткен.

Былтыр көктемде Қобда ауылыны су жайылып, ондаған үй жарамсыз болып қалған. Сол кезде ауылға келген қарғын судың жолын бөгеу үшін ондаған техника жұмыс істеді. Олар ақша төленбеген соң үш айдан кейін кетіп қалған. Көлік иелерінің айтуынша, еңбекақыларын әр он бес күн сайын алып тұрулары тиіс болған. Бірақ бір жылдан бері әділдікке жете алмай келеді. Олардың әрқайсысына мекеме 2 мен 4 миллион теңге аралығында қарыз.

Ернар Батырбеков, кәсіпкер:

Ақша төлеген жоқ. Сосын біз жұмысты тоқтаттық. Оларға звондадық, телефон алмады уже. Бухгалтерлерімен сөйлесіп жүрдік ақыр соңында. Олар да сосын связға шықпай қалды. Содан жүрміз.

Амалы таусылған кәсіпкерлер облыс әкімдігіне барды. Аудан әкімдігі арқылы су тасқынына қарсы жұмыс жүргізген «ҚазгидроСпасс» мекемесіне қаржының 50 пайызы төленген екен. Олар кәсіпкерлердің техникаларын жалға алып, жұмыстың 34 пайызын ғана атқарған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, енді мәселе тек сот арқылы шешіледі.

Ізгілік Тынымгереев, Қобда ауданының әкімі:

Қазіргі таңда келісім бұзылды. Мекемемен сот процесі жүріп жатыр.Бірақ аталған жеке кәсіпкерлер «Қазгидроспас» мекемесімен келісімге тұрғаннан кейін ақыларын сот арқылы талап ету керектігін жеткіземін.

Жақсыбек Кемал 

Хабарламаларға жазылу