Басты Жаңалықтар Сириядан қайтарылған әйел Ұлттық арнаға сұхбат берді

Сириядан қайтарылған әйел Ұлттық арнаға сұхбат берді

«Жусан» операциясы басталмас бұрын Ұлттық арна жаңалықтарынан бұл мәселе бірнеше мәрте көтерілген еді. Бұл жолы Сириядан қайтарылған келіншектің өзінен сұхбат алу мүмкіндігі туды. Қаңтарда елге әкелінген отандастарымыз қазір Маңғыстау облысындағы оңалту орталығында. Арнайы мамандар оларға әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Түсірілім тобымыз Маңғыстау өңіріне арнайы барып, сол оңалту орталығындағы жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Альбина Әшім, тілші:

Сирияда айлап тұтқында жатқан қазақстандықтардың бейбіт өмірге мейлінше тез бейімделуі үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Асханасы, жуынатын бөлме, демалатын бөлмелер қарастырылған. Ал, мына бөлме шағын балабақша ретінде жасақталған. Біздің түсірілім түскі ұйқы уақытына тұспа-түс келді. Сондықтан бұл бөлмелер бос тұр. Суреттерді көріп тұрсыздар. Көбінесе жайма-шуақ көріністер. Дегенмен, балалардың кейбірі қара түске де басымдық береді екен.

Нұржамал Исамбаева, психолог:

- Дайын трафарет суреттерді алып барған кезде бір қыз бала қуыршақтың суретін қарамен бояп тастады. «Бұл харам, харам», деп.

Ойын баласының бұлай сөйлеуі ойға қалдырмай қоймасы анық. Психологтар «балдырғандардың мінез-құлқы илеуге икемді ермексаз іспетті»,- дейді. Сондықтан олардың ой-өрісін кеңейтіп, зайырлы қоғамның өміріне бейімдеу оңай. 3 аптаның өзінде мамандар балалардың іс-қимылдарынан оң өзгеріс байқап отыр.

Нұржамал Исамбаева, психолог:

- Алғашқы кездері балалардың көңіл-күйі түсіңкі, сенімсіздік болды. Қазіргі кезде балалардың сабақ оқу барысында да, жеке жұмыстарда да көңіл-күйлері біршама жақсарғаны байқалады.

Альбина Әшім, тілші:

Ал, мына бөлмеде мектеп жасындағы балалар ілім-білім алады. Мұғалімдер қазір оларға қазақ тілі әліпбиін үйретіп жатыр. Өйткені Сириядан қайтып келген балалардың дені тек араб және орыс тілін меңгерген.

Түскі ұйқыдан соң балалардың ересектеулері теледидар көреді. Ал, нәрестелер орталықтың дәлізінде мәре-сәре болып, ойнайды. Бейбіт өмірде бәрі рет-ретімен. Ұйқы да тыныш, күлкі де бар. Көңіл де, қарын да тоқ.

Аналар да алаңсыз. Орталықта оларға бес мезгіл тамақты аспаздар дайындайды. Қым-қуыт шаруа да жоқ. Қазіргі басты мақсат – жұқарған жүйкені қайта қалпына келтіру. Бүркенген келіншектердің үрейі көп. Сондықтан сұхбатқа да келістіру оңай болмады. Гүлмира Сирияға күйеуінің артынан 2014 жылы еріп барған. Рокка қаласында тұрған. Бара сала екі айдан соң жұбайы соғыста қаза тапқан екен.

Гүлмира, Сириядан қайтарылған қазақстандық:

- Жалғыз өзіңе кішкене қиын. Соғыс болып жатса, көмектесетін адам керек басқа жаққа көшуге. Басқа да мәселелер бар. Далаға шығуға да қорқасың. Олар әрбір ісімен, қимылымен білдіріп отырады. Дұшпан сияқты. Олармен артық кездеспеуге тырысасың.

Екі баласымен қалған келіншектің қайта тұрмыс құрудан басқа амалы қалмапты. Екінші жолдасынан да екі бала сүйіп отыр. Сириядағы шынайы жағдай ғаламтордағыдан бөлек екенін көріп, жаңылғанын түсінген соң, ерлі-зайыптылар елге қайтудың амалын іздестіреді. 4 баласымен бірге жолда күрдтерге ұсталады.

Гүлмира, Сириядан қайтарылған қазақстандық:

- «ИГИЛ»-дің лагерлері болады. Соған ер адамдарды бөлек, әйелдерді  бөлек алып келді. Тұрмыс жағдайы қиын. Балалар жиі ауырады. Таза жер емес. Біздің лагерь бөлек қоршалған. Еуропа елдерінен де бар. Тунис, Өзбекстан, Қырғызстаннан, Ресейден. Қайтқысы келген адамдарды «ИГИЛ»-дің өзі ұстап қалса, шығу қиын. Ақшаң болу керек. Үлкен сумма сұрайды. 3000-5000 доллар. Жол көрсететін адам болады, ақшаны сол алады. Оны да жақсысын табу керексің. Көп алдайтын адамдар бар. Ақшаны алып, алданып қалғандар бар. Үлкен сумма ғой. Бизнес болып кеткен.

Тұтқыннан құтылуға үміт үзілген сәтте елден ыстық сәлем жетті. Сирияның солтүстігіндегі лагерьлерден 47 қазақстандық атамекенге қайтарылды. Олардың жетеуі қазір «террорлық әрекеттерге қатысу» бабымен тергеу изоляторында. Ал, оңалту орталығындағы келіншектердің радикалдық көзқарасы «орташа деңгейде» деп бағаланып отыр.

Бақытгүл Жұбанова, облыстық Дін істері басқармасының дін мәселелері бойынша ақпаратты талдау орталығының басшысы:

- Негізгі идеологиядан бұл кісілер әлі айықпаған. Олар теологиялық білімдері жоқ болса да, уағыз тыңдаған. Ер адамдардың уағыздарын тыңдаған. Осы мәселелермен жұмыс жасау үшін теологтар сабақ өткізеді.

Ал, жұмаққа жетелейтін жиһадқа сенетіндер кімдер? Олар неліктен мұндай жол таңдайды? Психологтар олардың ортақ портретін құрып берді. Қыз-келіншектердің жоғары білімі де, жұмыс өтілі де жоқ. Ал, ерлердің ішінде жұмыссыздар да, керісінше, қызметі, табысы жоғары адамдар да бар. Өйткені еркегін де, әйелін де адастыратын ортақ бір нәрсе – бала кезінде психологиялық зақым алуы. Олардың не ата-анасы ажырасқан, не дұрыс тәрбие бермеген, маскүнемдікке салынған, бала кезінде көңіл бөлмей, ықпалы болмаған немесе тыйым көп болғаны анықталды. Есейе келе мейірімді іздеген, не ата-анасына қарсылық көрсетіп, не одан жақсы болып көрінуге талпынғандар теріс ағымның жетегінде кеткенін аңдамай қалады.

Сондықтан санасы уланып, туған жерін тәрк еткендерді түзу жолға түсіру – күрделі жұмыс. Қазір олармен 4 теолог, 2 психолог, 1 әлеуметтік қызметкер жұмыс істеп жатыр. Ерлерінің артынан еріп, оқты да, жоқшылықты да көрген әйелдердің әлі де күмәні сейілер емес.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу