Басты Жаңалықтар Болашаққа бәсеке: ЖИ бизнеске қалай әсер етеді?

Болашаққа бәсеке: ЖИ бизнеске қалай әсер етеді?

Жасанды интеллектіні тиімді пайдалана алған компаниялар ғана болашақта бәсекелесе алады. Алматыда басталған New Vision халықаралық форумында әлемдік және отандық сарапшылар цифрлық технологиялардың экономикаға, еңбек нарығына және бизнеске әсерін талқылап жатыр.

Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар тек жекелеген салаларды емес, тұтас экономиканы өзгертетін күшке айналып келеді. Сарапшылар жасанды интеллект жұмыс орындарын жаппай қысқартады деген пікірмен келіспейді. Керісінше, технология қызметкерлердің мүмкіндігін арттырып, еңбек өнімділігін бірнеше есе көбейтуге жол ашады дейді.
Берік Қаниев, кәсіпкер:
Жасанды интеллект алдағы уақытта тау-кен өндірісінен бастап коммуникацияға дейін барлық саланы қамтиды. Жаңа мүмкіндіктерді тез игерген компаниялар алға шығады. Олардың үлесі шамамен 20 пайыз. Кейбір кәсіпорындар қазіргі деңгейін сақтап қалса, ал 10-20 пайыз компания технологиялық өзгерістерге бейімделе алмауы мүмкін. Сондықтан бұл бағытты бүгіннен бастап дамыту маңызды.
Дулат Тастекей, кәсіпкер:
Болашақта жасанды интеллектінің кесірінен жұмыстан айырылып қалудан қорықпау керек. Керісінше жасанды интеллектісіз жұмыс істей алмаудан қорқу керек. Біздің мақсатымыз – қазіргі біздің командадағы адамдардың күшін, еңбек өнімділігін, эффиктивтілігін, әлеуетін жасанды интеллектіні қолдану арқылы арттыру. Қазіргі таңда бізде 500-600 адам жұмыс істейтін болса, олар 1-2 жылдан кейін 5-6 мың адамның істейтін жұмысын жасап, біз басқалардан қарағанда жылдамырақ шабуымыз керек.
Форумда Қазақстан экономикасының әлеуеті де сөз болды. Соңғы бес жылда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 7 пайызға өсіп, бүгінде жалпы ішкі өнімнің шамамен 40 пайызын құрайды. Халықаралық сарапшылар бұл көрсеткішті жоғары бағалап, әсіресе қызмет көрсету сапасын дамытуға назар аудару қажет екенін айтты.
Джон Шоул, қызхмет көрсету саласының сарапшысы /АҚШ/:

Қазақстанның даму қарқыны жақсы. Қызмет көрсету саласын одан әрі жетілдіріп, жастарды көбірек оқыту қажет. Кез келген компанияның табысына ең көп әсер ететін факторлардың бірі – сапалы сервис. Осы бағытқа басымдық берілсе, Қазақстанның қарқынды дамуына барлық мүмкіндік бар. Бұл ел Сингапур сияқты өркендеуі әбден мүмкін.


Бөлісу