Жастар жылында жұмыссыздық қысқарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар жылында жұмыссыздық қысқарады

21.01.2019

Биыл елімізде Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, 7 ақпанда Сенат арнайы жиын өткізеді. Қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл басқосуда ел дамуының негізгі тірегі - жастардың өзекті мәселелері талқыланады. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылын өткізуге байланысты маңызды міндеттер бойынша депутаттық корпустың алдындағы жұмыстың негізгі бағытын белгілеп берген еді.

Заманның қалпы, базардың нарқы өзгерді. Елдің елдігі, ұлттың ертеңі таразыға тартылған тұста өскелең ұрпаққа артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Олар - қоғамның қозғаушы күші, мемлекеттің маңызды капиталы. 2019 жылды Жастар жылы деп жарияғалы Сенат бұл бағытта жұмысты күшейте түсті. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды, жастар ұйымдарының басшыларын жинап, алаңдатқан мәселелерін тыңдады.

«Еліміздегі белсенді әрі білікті жастардың өкілдерін мемлекет мүддесін ілгерілету ісіне тарту мақсатында сенаторлар белсенді жұмыс істеуі қажет. Сенатта өтетін іс-шараларға, оның ішінде жалпы отырыстар мен комитеттердің астаналық және аймақтық жоғары оқу орындарының студенттерін, кәсіпорындардың жас жұмысшылары мен компаниялар қызметкерлерінің қатысуын ұйымдастыруды ұсынамын».

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы

Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- 7 ақпанда Сенатта  жастардың басын қосқан жиын өтеді. Онда проблемалар айтылып, жастар туралы заң талқыланады. Біз өз ұсыныстарымызды әзірлеп, Үкіметке жолдаймыз. Өйткені, кемел елдің келешегі сіздердің қолдарыңызда.

Бұл жұмыс Қарағанды облысында да белсенді жүргізіліп жатыр. Қарағанды құю машина жасау зауытында да жастар көп. Солардың бірі – Төрехан Еркінбекұлы.

Былтыр зауыт жаңғыру бағдарламасын аяқтады. Алайда, кадр тапшылығы сезілді. Сондықтан, дуальды оқыту бағдарламасы арқылы студенттерді дайындады. Қазір зауытта 806 адам жұмыс істейді, оның 40 пайызы өскелең ұрпақ. Кәсіпорынның қарқыны жаман емес, сондықтан, тағы 150 маман қажет болады. Жалақы 150-300 мың теңге аралығында. 

Мирас Құттыбай, Қарағанды облысы Жастар саясаты басқармасының басшысы:

- Жастар жылы Қарағанды облысында қорғау, сенім, мүмкіндік деген ұранмен өтеді. Ең басты мәселе – жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру. Мемлекет тарапынан үлкен  қаржы бөлініп, жағдай жасалып жатыр.

Өңірде базарларда, сауда орындарында, теміржол вокзалында жұмыспен қамту орталықтары ашылып жатыр. Халық көп жүретін жерлерде орналасуы тегін емес, екі қолға бір күрек таппай сенделгендер дәл осы жерлерге келе алады.

Индира Бегайдар, тілші:

- Қарағанды облысында 291 мың жас бар. Оның 4,6 пайызында жұмыс жоқ. Жастар жылынан күтер үміт көп. Ең бастысы, жалаң флешмоб, ұран емес, нақты нәтиже күтеміз.

Парламенттің жоғары палатасы еліміздегі ертеңі үшін бейжай қарамайтын жастарды 7 ақпан күні Сенатқа шақырады. Бүкпесіз ой, ашық пікір, озық идея сол жерде айтылады. Өйткені, қазіргі жастар кешегінің көзімен емес, бүгінгінің биігінен қарайды.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу