Елімізде алдағы үш жылда жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін қысқарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алдағы үш жылда жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін қысқарады

17.07.2019

Елімізде алдағы үш жылда жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін қысқарады. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге толық мүмкіндік бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге айрықша тоқталды. Министрдің айтуынша, жұмыссыздықпен күреске бағытталған бағдарламалар нақты нәтиже бере бастады.

Әлеуметтік саясаттың діттегені халықты жәрдемақымен жарылқау емес, керісінше жаппай жұмысқа ынталандыру. Ерінбей еңбек етемін деген адамды қолдаудың мемлекеттік механизмі бар және ол нақты нәтиже беруде. Министр Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, тек қана «Еңбек» бағдарламасына 1 миллионнан астам қатысыпты. Яғни бизнес негіздерін оқып, жеңілдетілген несие алып, шағын кәсіп бастап жатқан азаматтардың саны көбейіп келеді.

 

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

 

Біздің қазіргі жасап жатқан шарамыз біріншіден, еңбек ресурстарының балансын 7 жылға, 2025 жылға дейін жасадық. Қанша жұмысшы келеді, қаншасы кетеді, қанша жұмыс орындарын ашамыз, біз ең кем дегенде жылына 360-380 мың жаңа жұмыс орындарын ашуымыз керек.

 

«Еңбек» және «Жас кәсіпкер» бағдарламасы  бойынша биыл бас-аяғы 75 мың адамды бизнес  негіздеріне оқыту жоспарланған. Олар, көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар және жастар. Өзінің бизнес идеясын қорғап шыққандарға 6 пайызбен 19 миллионға дейін жеңілдетілген несие беріледі. Оған қосымша 505 мың теңге көлемінде гранттар алуға болады. Бұл жұмысты Үкімет «Атамекен» ҰКП бірлесіп жүзеге асыруда.

 

Бауыржан Оразғалиев, «Атамекен»  ҰКП  басқарушы директоры:

 

75 мыңның 15 мыңы өз бизнесін ашады. Ол нәтижеге біз Еңбек министрлігімен бірлесіп қол жеткіземіз. 2017-2018 жылдары бизнес ашқан адамдардың қазір 95 пайызы табысты жұмыс істеп жатыр.

 

Еліміздің еңбек нарығында жаңа мамандықтар пайда болуда. Әсіресе  IT саласы жоғары сұранысқа ие. Бизнестің  бәрі электронды тәртіпке бет бұруда. Нарықта жұмыс жоқ емес бар, тек маман тапшы. Осы ретте маман даярлау мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігі айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұның барлығы назарда екенін ескертті. Мысалы, бүгінде электрондық биржа іске қосылып, еңбек келісім шарттары электрондық форматқа ауысуда.  Әлеуметтік карталар жасалып жатыр. Алдағы үш жылда жұмысыздық деңгейін 4,5 пайызға қысқартпақшы.

 

Ербол МӘНДІБЕК

 

 

Хабарламаларға жазылу