Мақтаарал ауданында су мұнарасы құлағандықтан бірнеше ауыл тұрғындары сапасыз су ішуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтаарал ауданында су мұнарасы құлағандықтан бірнеше ауыл тұрғындары сапасыз су ішуге мәжбүр

19.04.2021

Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында бірнеше ауылдың тұрғындары сапасыз, лай су ішуге мәжбүр. Желтоқсан айында ауылдың су мұнарасы құлап, сүзгісі істен шыққан. Содан бері жер асты суы тұтынушыларға тазартылмай беріліп келеді. Оның үстіне әбден тозығы жеткен құбырлар да қатты қысымға шыдамас бермей, жарыла береді.

Жамбыл ауылының тұрғыны Нүрипа Тұрдалиева краннан аққан суды тұндырмаса, ішуге жарамсыз дейді. Түсі сарғыш, түбі қоқыс толып қалады. Басқа су болмаған соң сүзгіштен өткізіп, тәуліктеп ыдыстарға тұндырып қояды.

Нүрипа Тұрдалиева, Жамбыл ауылының тұрғыны:
Ішіп жатқан суымыздың бәрі сары су. Қалаған уақытында өшіріп қояды, қалаған уақытында қоса салады. 

Сегіз жүзге тарта тұрғыны бар елді мекенді ауыз сумен қамту үшін 2014 жылы ау су мұнарасы салынған. Алайда биыл қыста гидронысан құлап қалған. Содан бері ауылдағы 140 үй таза суға зәру. Жауаптылардың айтуынша, мұнара болмаған соң құбырлар да қысымды көтере алмайды. Әр жерден жарыла бергендіктен суды жинап бір мезгіл ғана береміз деп отыр.

Әзімхан Уәлиев,  су жүйесінің меңгерушісі:
Жамбыл ауылының халықына су беру керек болған соң, тікелей жалғап қойғанбыз. Сондықтан жердің астынан шыққан құмы бар, басқа нәрселері бар тікелей кетіп жатыр. Фильтр жоқ, салынбаған.

Мұнараны тұрғызуға қанша қаражат жұмсалғаны белгісіз. Жергілікті билік өкілдері енді сол мұнараның орнына жаңасын саламыз деп ақталды.

Ғұламжан Егембердиев, Мақтаарал аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:                   Қазіргі таңда бюджеттен қаражат бөлінді. Мердігер мекеме анықталды. Мамыр айының 15-не дейін орнатып, толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз.

Ал судың сапасына қатысты аудандық СЭС ішуге жарамды деген қорытынды жасаған.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу