Бейнеу ауылының көшелерін су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейнеу ауылының көшелерін су басты

13.01.2015
Бейнеу ауылының көшелерін су басты

Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы қар мен жаңбыр суының астында қалды. Тасжолдың зарын тартып отырған тұрғындар енді шалшық кешіп, жаяу жүруге мәжбүр. Өйткені, мұндай көшелерге көліктердің қатынауы екіталай. 

Бейнеудің 132 көшесі осындай сүреңсіз көрініске шырмалған. Қар мен жаңбыр суы көшеге жиналып, тұрғындар толарсақтан саз кешіп жүр. Жаяу жүргінші тұрмақ, көлік жүргізушілері де әбден мезі болған.

Нұрбол Елмұрзаев, көлік жүргізушісі:

Жол нашар. Адамдар жұмыстарына уақытылы бара алмайды. Ауыл арасына жүк машинасы жүрмесе, жеңіл көліктер жүре алмайды. Жүк көліктері де батып кетеді.

Ағила Нұрбаева, Бейнеу ауылының тұрғыны:

Менің үйім қашықта. Жаяу жете алмаймын. Жаңбыр, қар болса осындай. Жер қатпаса, маршрут та жүрмейді.

Ауыл тұрғындары жергілікті билікке назын осылай жеткізді.

Сейсенбек Қалдығараев, Бейнеу ауылы әкімінің орынбасары:

Қазір мекемелерді ұйымдастыру арқылы суын тарттырып, құм төсеу жүргізілуде. Бейнеу ауылында 132 көше бар. Барлығында тасжол болмағандықтан, қиындықтар болып тұрады.

Жергілікті әкімдер мәселені уақытша шешу жағдайын ғана айтты. Демек, тұрғындарға бұл қысты да қиыншылықпен өткізуге тура келіп тұр.

 

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу