Өскеменде мектеп асханаларына қызмет көрсететін кәсіпкерлер жұмыссыз қалмақ

16.01.2019

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі енгізілсе, бәсекеге төтеп бере алмай, бизнесімізден айырыламыз деп дабыл қағуда. Жалпы, бұл салада жүрген кәсіпкерлер мектеп асханаларын жаңалауға қарсы емес. Тек, облыстық Білім басқармасы қаладағы 44 мектепті 4 лотқа ғана бөліп тастағанына наразы.

Бүгінде Өскемендегі мектеп асханаларын 28 кәсіпкер қарауына алған. Шамасы келгендер 2-3 мектептің оқушыларын тамақтандырады. Осы жылдың басында жергілікті билік өкілдері мектеп асханаларын жаңарту бойынша жобаның басталғанын хабарлаған. Қаладағы 44 мектепте мемлекеттік-жекеменшік жүйесі еңгізілетінін және олар 4 лотқа бөлінгенін айтқан. Яғни, бір кәсіпкер 11 мектептің асханасын жаңартып, ол жерде 7 жыл бойы жұмыс істейді.

Евгений Семенов, кәсіпкер:

- Кез келген кәсіпкер пайда табу үшін жұмыс істейді. Асханаларды жаңалауға біз де қарсы емеспіз. Бірақ, бізге 11 мектептен керек емес. 1 лот 123 миллион теңге дейді. Мұндай көп ақшаны инвестиция ретінде жұмсауға мүмкіндігіміз жоқ.

Мектептің асханасын жыл сайын жалға алып жүрген кәсіпкерлердің пікірінше, бұл шешім оларды бизнестен шеттетіп, жұмыссыз қалдырады. 44 мектептегі оқушыларды тамақтандыру ісін 4 кәсіпкерге ғана беру - үлкен инвесторлардың ғана шамасы жететін шаруа. Ал, білім басқармасы «әзірге тек нарықты зерттемек болған едік», деп отыр.

Әсел Қайырбекова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы жобаға қатысатын талапкерлер бар ма, жоқ па, соны білейік дегенбіз. Нарықты зерттеу қажеттілігі туындаған соң, біз сондай хабарландыру орналастырдық.

Өскемендегі мектеп асханаларын жаңартып, қазіргі заманға сай жабдықтау жобасын «Нұр Отан» партиясы ұсынған. Партия өкілдері бұған дейін біраз мектептегі асханаларды тексеріп шыққан.

Олег Чугунков, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

- Мәзір сәйкес келе ме, келмей ме? Балалардың, ата-аналардың өтініштері қаралып жатыр. Ең басты мақсат – балаларды тамақтандырудың сапасын арттыру.

Өскемендегі атқарушы биліктің пікірінше, асхананы 7 жылға жалға берудің тиімді тұстары көп. Ұзақ уақыт жұмыс істейтінін ескерген кәсіпкер жабдықтарды жаңалауға, қызмет сапасын арттыруға ынталы болады. Яғни, өз бизнесіне инвестиция құяды. Ал, жеке кәсіпкерлер болса, әр мектепке жеке лот беріп, барлығына бірдей жағдай жасауды сұрап отыр. Мәселе ертең қалалық әкімдікте өтетін жиналыста тағы талқыланбақ.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу