Арқалықта кәсіпорын жабылып, жүздеген адам жұмыссыз қалмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалықта кәсіпорын жабылып, жүздеген адам жұмыссыз қалмақ

15.09.2020

1 айдан соң Арқалық қаласындағы боксит кенін өндіретін кәсіпорын жұмысын тоқтатады. Бұған қазба қорының таусылуы себеп. Осының салдарынан кәсіпорында еңбек ететін 500-ден астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал өндіріс басшылары мен жергілікті билік бұған жол бермейміз деп отыр. 

Бұған дейін жұмыс орындарын сақтау үшін кәсіпорын өндірісті кеміткен. Соның кесірінен үш жыл бойы шығынға баттық, - дейді басшылары. Енді 1 айдан соң жұмысшылар түгел босатылады.  

Манарбек Нұрмаған, Торғай боксит кен басқармасының директоры:  

- Қазіргі таңда 261 адам 3 айлық іркілісте. 197 адам жұмыс жасап жатыр. Қалған адамдар өз еңбек демалысында. 

Кәсіпорын бірқатар жұмысшыларға вахталық әдіспен өзге кен орындарына баруды ұсынды. Бірақ оған бәрі бірдей келіспеді. 

Ал жұмыспен қамту орталығы ұсынған орындардың жалақысын азсынады. Жұмысшылардың енді бір тобы қала маңындағы жаңа кен орнын игеруді талап етіп отыр. Тіпті оның бизнес жоспарын да дайындапты. 

Арыстан Бірәлі, кәсіпорынның бұрынғы жұмысшысы: 

- Барлау бойынша осы қаладан 10 шақырым жерде Үштөбе кен орны орналасқан. Онда 30 жылға жететін қор бар.

Компания басшылығы кеншілердің бизнес-жоспарын құптап отыр. Қазір тиімді тұстарын зерттеу үстінде. Жергілікті билік те бос орындар ұсынып жұртты жұмыссыз қалдырмаудың қамын жасап жатыр. 

Қайрат Әбішев, Арқалық қаласының әкімі:

- Қаланың өзінен 153 вакансия ұсындық .

Қаланың өзінен 68 адамға жұмыс табылған. Тағы 100-ге жуық кенші Рудный, Лисаков қаласында вахталық әдіспен еңбек етуге келісіпті. Қалған 300-ден астам адам әзірге жұмыссыздар санатында. 


Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу