Мәселен, былтыр 662 тонна көксерке балығы ауланған, бірақ 1001 тонна көксеркенің жон еті мен 20 тонна балық экспортталған. Жүздеген тонна сәйкессіздікті аудан прокурорлары анықтаған. Бірақ, құзырлы органдар өткен жылы бірде-бір қылмыстық құқықбұзушылық дерегін тіркемеген.
«Камбала балық» зауыты заңсыз балық аулаушылардың кесірінен сыбағасынан қағылып отыр. Қазір жұмыс қарқыны төмендеген.
Шүкірбай Әбдуалиев, кәсіпкер:
- Ақтөбеге, Байқоңырға, Қызылордаға тасып жатады. Шымкентке дейін тасып алып кетеді. Бізге ол балықтар келмейді. Басынан іріктеп, тәуірін алып кетеді. Мысалы, менде 355 тонна 1 жылға берілген лимит, аулап үлгермейміз, жаңағыдай кедергілерге байланысты.
Теңіз алғашқыда 12 учаскеге, кейіннен 18 бөлікке бөлінді. Әрқайсысының өз иесі бар. Қарамағында үш уческе, 100 балықшысы бар Төребек Игіліковтің де ісінің берекесі кетті.
Төребек Игіліков, табиғат пайдаланушы:
- 5 қайықтан артық қайық түсірмеңдер деген. Ол аз. Қанша балықшы бар.
Ресми мәлімет бойынша, былтыр облыс бойынша 3727 тонна балық ауланған. Бірақ, мұнан бөлек қаншама су маржаны заңсыз сүзіліп, сыртқа кетіп жатыр.
Есенбай Есіркепов, облыстық Орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі инспекциясы Арал аудандық бөлімінің басшысы:
- Заңсыз балық аулағаны үшін 2017 жылы 380 әкімшілік айыппұл хаттама толтырылса, оның 84-і Арал аудандық сотына жолданды. 2018 жылы 417 әкімшілік хаттама толтырылып, 126-сі Арал аудандық сотына жолданған.
Бірақ, соңғы екі жылда инспекция бөлімі бірде бір қылмыстық құқықбұзу дерегін тіркемеген. Уәкілетті орган тек статистикалық есепті бір деңгейде ұстап тұру үшін әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтаумен шектелген.
Руслан Нұрлыбаев, Арал аудандық прокуратурасының прокуроры:
- Аудан аумағында 4 рет қана рейдтік ісшара ұйымдастырылып, 2-3 сағаттық рейдтік іс-шара барысында 6 заңсыз балық тасымалдау дерегі анықталып, аталған тұлғаларға аудандық сотпен шара көрсетіліп, 4 тоннаға жуық балық мемлекетке тәркіленді. Дегенмен, Арал инспекциясы бөлімімен тиісінше жұмыстар жүргізілмеген.
Қазір қайығы түгіл, қармағы жоқтар да су мен балыққа қожайын. Аралдың аппақ балықтары арнайы көліктерге тиеліп, жан-жаққа жөнелтіліп жатыр. Және төтесінен келіп, теңізді торуылдағандар арзан олжасын қымбатқа сатады. Осыдан 2 жыл бұрын келісі 500 теңгеден сатылған балықтың бір келісі қазір 1000-1200 теңге. Бақылауды күшейтпесе жағдай тіпті ушығуы мүмкін.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.