Ақтөбелік музыкант мүмкіндігі шектеулі балаларға домбыра үйретудің ерекше әдісін ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік музыкант мүмкіндігі шектеулі балаларға домбыра үйретудің ерекше әдісін ойлап тапты

11.01.2019

Арнайы әдістемелік құралын Әділет министрлігінде тіркетіп, авторлық құқық та алған. Тәжірибелі маманның тобында қазір 15 бала бар. Бірақ, домбыраға қызығушылық танытқан балалардың қатары күн сайын артып келеді. Сонымен, талапты ұстаздың  ойлап тапқан әдісі қандай?

Өнерге деген құлшынысы 16 жастағы Манатты осында алып келді. Домбыраны алғаш рет 2 ай бұрын ғана қолына алып, қысқа уақытта бірнеше күйді үйреніп алды. Болашағын да өнермен байланыстырады.

Манат Зәуірұлы, домбыра үйірмесінің мүшесі:

- «Келіншек», «Тепеңкөк», «Еркем-ай» күйлерін үйрендім. Тағы да басқа күйлерді жайлап үйреніп жатырмын. Болашақта домбырашы және әнші болғым келеді.

Гүлсана домбыра үйрету әдісін алғашында балабақша тәрбиеленушілеріне арнап ойлап тапқан екен. Енді бұл әдіс мүмкіндігі шектеулі жандардың да кәдесіне жарап отыр. Ниет білдіргендер геометриялық фигуралар мен әр түрлі түстер комбинациясы арқылы ұлттық аспапта ойнауды тез меңгере алады.

Гүлсана Мағзымбетова, домбыра үйірмесінің жетекшісі:

- Дөңгелек, жұлдызша, жарты дөңгелек, үшбұрыш, төртбұрыш – бұл біздің саусақтарымыз. Саусақтарды қоюда осы арқылы білеміз және саусақтар арқылы әр шығарманы балаларға жазып беремін. Түстер олар ноталар.

Гүлсананың арнайы тобында психикалық дамуы тоқтап қалған, аутизмге, эпилепсияға шалдыққан балалар бар. Жас ерекшеліктері де әртүрлі. Тәжірибелі маман олардың әрқайсысының мүмкіндігін ескере біледі. Ата-аналар болса, балаларының үйірмеге қатысқалы күрт өзгергенін айтады.

Сәнімкүл Саналина, ата-ана:

- Домбыраға алып келгелі, бірінші сол домбыраға жүгіреді. Сосын үйде бұрын қолына алмаған тоқыма тоқуды бастады. Соны қарап, музыка адамның өмірге деген құлшынысын арттырады екен деп ойлаймын.

Гүлсананың мақсаты – мұндай орталықтарды еліміздің әр аймағынан ашу. Дегенмен, әзір қолдаушы табылмай отыр. Сондықтан, грант жеңіп алу үшін түрлі байқауларға да қатысып жүр. 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу