Алматы облысында моншаны паналап жүрген Батыр ана баспаналы болды

28.12.2018

Алматы облысы Қарасай ауданы Жамбыл ауылының тұрғыны Гүлбану Ысқақова баспаналы болды. Осыдан тура бір жыл бұрын біздің арнаның тілшісі моншаны паналаған көпбалалы ананың әлеуметтік мәселесін көтеріп, бірнеше материал дайындаған еді. Содан бері бір жыл өтті. Енді міне, жаңажылдық мерекеге орай, түсірілім тобы отбасының үлкен шаңыраққа кіріп, шаттыққа кенелген сәтіне куә болып келді.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

- Әбдиевтер әулеті бүгін жаңа баспанаға кірді. Батыр анаға азаматтық қоғам салып берген үйдің ішіне кірмей тұрып, әуелі бір жыл бұрынғы оқиғаны тарих бетінен парақтап, бейнеқордан көріп алайық.

Бұл - көпбалалы ананың ересек балаларының салған суреті. Олар басқа достары сияқты жайлы үйде тұрғысы келгендігін осыдан аңғаруға болады. Алайда, тастан тұрғызылған жарамсыз ескі моншаны амалсыз паналап, алты баласын осында өсірген ана жетіншісіне жүкті еді.    

Гүлбану Ысқақова, көпбалалы ана:

- Көпбалалыларды пәтерге алмайды. Амал жоқ, осы жерде отырмын. 

Жетінші баласын перзентханадан шығарған соң тас моншаға қайтып келген Батыр ана бос бесікті тербетіп қалмасын деген ниетпен ауыл әкімдігіне бардық. Бала-шағасымен адам төзгісіз жағдайларды басынан өткерген ананың баспанаға мұқтаж екендігін жеткіздік. Осылайша, Жамбыл ауылының әкімдігі кәсіпкерлерді жұмылдырып жер бөлді.

Үйдің беріктігі іргетасынан демекші, Әбдиевтер әулетінің фундаментін құюға қолұшын созған қайырымды жандар көп болды.  

Ал, Жаңа жылдың қарсаңында жаңа баспанаға кірген көпбалалы отбасы үшін бүгін ең бақытты күн. Себебі, батыр анаға жанашыр азаматтар жыл ішінде балаларға арман болған үйді салды.   

Гүлбану Ысқақова, көпбалалы ана:

- Жаңа жылға қарсы жаңа баспанаға кіріп, бәріміз қуанып жатырмыз. Осы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына, көмек беріп жатқан «Хикмет» қорына рахмет айтамын.

«Хикмет» қорының өкілдері 5 бөлмелі үйдің құрылысын аяғына дейін жеткізді.

Нұрғали Исмайылұлы, «Зекет» қорының Алматы облысы бойынша өкілі:

- Бес айдың көлемінде үйдің құрылысын аяқтап біттік.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Жеті баланың қуанышына сеп болған барлық азаматқа алтын алқа иегерінің алғыстан басқа айтары жоқ.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу