Шығыс Қазақстандағы шекаралық ауылдарда құрылыс қарқын алып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстандағы шекаралық ауылдарда құрылыс қарқын алып келеді

18.03.2022

Шығыс Қазақстандағы шекаралық ауылдарда құрылыс қарқын алып келеді. Тек Үржар ауданында соңғы екі жылда 200-ге жуық отбасы баспаналы болды. Үй кезегінде тұрғандарды қамту үшін құрлыс әлі жалғасып жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар да бой көтеруде.

Жазира Көкеева көп балалы ана. 8 жыл бойы туыстарының үйін паналап келген ол, биыл мемлекеттік бағдарламаның арқасында жаңа баспанаға қоныстанды.

Жазира Көкеева, көпбалалы ана:

Үйіміз жылы, жарық. Кең, еңсесі биік. Балаларға ыңғайлы. Бөлмелері кең. Кезекке тұрғанымызға көп болған да жоқ. Үйлі болып жатырмыз, көп балалы ана ретінде

Үржар ауданында тек «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы аясында 2020 жылы 48 пәтер салынса, өткен жылы 82 баспана ел игілігіне берілген. Мамандар құрлыс биыл да жалғасатынын айтады. Өңірде мыңға жуық отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Алдағы екі-үш жылда олар түгелдей пәтермен қамтылады.

Маман Қайырханұлы, Үржар аудандық ТҮКШ Бөлімімінің бастығы:

Биылғы жылға да 59 тұрғын үй салу жоспарда бар. Құрылысы жартылай аяқталды. Көктемде жұмыстарды бастайды. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға заңға сәйкес берілетін болады.

Дәл қазір аудан орталығында 60 пәтерлі көпқабатты екі үйдің құрлысы жүргізіліп жатыр. Оған биыл мемлекеттік қызметкерлер, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қоныстанады.

Талғат Аңдасов, аудандық Құрылыс бөлімінің маманы:

Шарттық соммасы 700 миллион. Жалпы ауданы 3594 шаршы метр. Бұл енді Үржар ауылындағы ең бірінші үй бес қабатты. Сапасы қанағаттанарлық. Күнделікті бақылауда. Бөлім қызметшілері және техникалық қадағалау қызметкерлері бар.

Шығыс Қазақстан облысында өткен жылы 5 мыңға жуық пәтер қолданысқа берілген. Ал елді мекендерде «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы арқылы екі жылда 700-ге жуық отбасы баспаналы болды.


Хабарламаларға жазылу