Мереке қарсаңында сапасыз отшашулардан жапа шегу оқиғалары жиіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мереке қарсаңында сапасыз отшашулардан жапа шегу оқиғалары жиіледі

24.12.2018

Адам өміріне қауіпті пиротехника өнімдерінен сақ болыңыз! Бұл – Төтенше жағдайлар қызметінің қатаң ескертуі. Оған себеп жоқ емес. Жыл сайын ел аумағында «Пиротехника» алдын алу іс-шаралары жүргізілсе де, сертификатталмаған сапасыз өнімдер азаймай тұр. Биыл 60-тан астам базар аумағы мен дүкен сөресі тексеріліп, заңсыз сауданың 6 фактісі тіркелген. 3000-дай сапасыз өнім сатылымнан шығарылды. Бірақ, бұл адам өміріне қауіпті пиротехникалар түгел тәркіленді деген сөз емес.

Бірнеше күннен бері мына кадрлар әлеуметтік желілерді шарлап, «Whatsapp»-қа тарап кетті. Кері атылған петарда ер адамның қолын жұлып түсіреді. Бұл – Қазақстанда болыпты деп, дүйім ел дүрлікті. Әсіресе, ата-аналар. Осы ретте, ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті ресми мәлімдеме жасады. Оқыс оқиға ел аумағында тіркелмеген. Алайда, мұндай жайттың бізде де қайталанбасына кепіл жоқ. Себебі, сапасыз сан алуан отшашулар саудада самсап тұр.

Жаңа жылды отшашусыз елестету мүмкін емес. Ол мерекенің символы іспетті. Алайда, мына сырты әдемі өнімдердің іші өте қауіпті. Себебі, сатушының сату лицензиясы, пиротехникалық заттардың сертификаты жоқ.

София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Сертификациясы жоқ, өте қауіпті. Оған ешкім жауапты емес. Ол қолдан жасалуы мүмкін. Құрамындағы әртүрлі жарылғыш заттар зақым келтіруі мүмікн.

Қарапайым қауіпсіздік ережелері ескерілмесе, мереке соңы қайғылы аяқталуы кәдік. Күйікке шалдығасыз, дене жарақаттарын аласыз. Тіпті, петарда өлім-жітімге апарады. Тілсіз жаудан да сақтанғанған жөн.

Орал Әбдірахманов, Астана қаласы Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактика қызметі басқармасының басшысы:

- Пиротехниканы қолданар кезде жаңғыш материалдар мен басқа құрамдардың ара қашықтығы сақталуы тиіс. Ең бастысы сол. Тек тұрмыстық пиротехниканы қолдану керек.

Отшашуды жақпас бұрын нұсқаулықпен жіті танысу керек. Ал, пиротехникалық заттар тек мамандандырылған және сертификатталған дүкендерден сатып алынуы тиіс. Қорап бүтіндігі, сақтау мерзімінің жарамдығы да – маңызды. Мамандардың кеңесі - осы.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу