Алматы циркінде жаңажылдық судоку қойылымы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы циркінде жаңажылдық судоку қойылымы басталды

20.12.2018

Алматыда Қазақ Мемлекеттік циркінде жаңажылдық судоку қойылымының алғашқы көрсетілімі өтті. Қуаныш пен шаттыққа толы қайталанбас көрініс ұсынған ұжымның өнерін балалар мен ата-аналары тамашалап, айрықша әсер алды.

Цирк ұжымының таңғажайып көріністерге толы мерекелік қойылымы әуе акробаттарының тың туындыларымен ашылды. Манеж көгінде құстай қалықтаған әртістермен бірге көрермендер де ертегілер еліне саяхат жасады.  

Бақыт Бөкебаев, Қазақ Мемлекеттік циркінің директоры:

- Бұл жерде қара күштер сиқырлы кристалды ұрлап кетеді. Соны табу үшін батырлар күреседі. Салт-дәстүрі мен баяғы этнокостюмдегі жапондарды осы цирк сахнасынан көрсетеміз.   

Ат құлағында ойнаған шабандоздардың шеберлік әдістері таңдай қаққызды. Себебі, екпіндеп шапқан қылқұйрықтың үстіндегі қауіпті әрі қызықты әрекеттер балалар тұрмақ, үлкендерге қуанышпен қатар үрей туғызды. «Міне, сондай сезімдер, шапшаң алмасқан қас-қағым сәт адамның ойлау жүйесін өзгертеді», - дейді мамандар.

Түз тағыларын қолға үйретіп, дағдылы өнерге икемдеу табиғаттың тылсым күштерін түсінуге ықпал етсе, жонглерлердің сиқырлы, құпиялы өнері цирк әлемінің тұңғиығына жетелейді. Ал, жұртты таңқалдырып, таңдай қақтырған, ішектері түйілгенше күлдіре білген әпенді клоундардың да өнері бір бөлек. Сондықтан, жаңа бастамаларға толы цирк бағдарламасы 7 қаңтарға дейін жалғасады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу