Жаңа жыл - елімізде кеңінен тойланатын мерекелердің бірі. Осы орайда, еліміздің қалалары мен көшелерін мерекелік безендіру үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінетіні қоғам тарапынан сынға ұшырап жүр. Дегенмен, биыл жергілікті жерлерде бұл мақсатқа жұмсалатын қаржы көлемі біршама қысқарған көрінеді. Мәселен, Алматыда «қаланы жаңа жылдық сиқырлы әлемге айналдыруға» кететін шығын 100 миллион теңгеге дейін азайыпты. Ал, мегаполис атанған Шымкент шаһары шырша тойына осы жолы ондаған миллион теңге шығындамақ. Дегенмен, бұл мақсатқа қаражат бөлуден түбегейлі бас тартып жатқан өңірлер де бар.
Биыл мегаполистердің қатарына қосылған Шымкент қаласы жаңа жылды жалындатып, жарқыратып атап өтпек. Басқасын айтпағанның өзінде тек көшелерді безендіруге қала бюджетінен 70 миллион шығындалмақ. Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдрахимов тіпті бұл соманы азсынып отыр. Естеріңізде болса, ол 2015 жылы Шымкентті басқарған уақытта Жаңа жылды тойлауға қарсы шыққан еді. Сеулге сапарынан соң ол ойынан айнып қалған сияқты.
Ғабидолла Әбдрахимов, Шымкент қаласының әкімі:
- Менің ойымша, 70 миллион үлкен қала үшін көп ақша емес. Басқа қалаларды көріңіздерші. Олар қалай безендіріп жатыр? Мен кеше Сеулге барып көрдім. Олар қаланы безендіру үшін 70 миллион теңге емес, 70 миллион доллар бөліп қояды.
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласы жаңа жылға 70 миллион түгілі 7 тиын да бөлмейді. Облыс басшысы былтыр да осылай жасаған еді. Биыл тағы қайталады. Еріп кететін мұзға, уақытша жылтыраған дүниеге ақша шашу рәсуа. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов осыны меңзеді және облыстың бюджеті басқалармен салыстырғанда тым аз екенін ескертті. Жұмыла жасайтын қарапайым дүниеге миллиондап ақша шашпаудың жолын тапқан.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Көп нәрселерді балалар арқылы, колледждердің студенттері арқылы істеуге болады. Мен әдейі қала әкімін осы жерге алып келіп, Астананың безендіруін көрсеттім. Ешқандай қиыншылығы жоқ кәдімгі сол конструкцияны жасау үшін әрбір колледждің шеберханаларында істеуге болады.
Ербол Мәндібек, тілші:
- Астана қаласының әкімшілігі де биыл жаңа жылды «тойлауға» бір тиын бөлмейтіндігін мәлімдеп отыр. Атап айтқанда, дәл осындай мұз қалашықтардың құрылысы мен толып жатқан түрлі мәдени шараларды кәсіпкерлердің есебінен жүзеге асырмақ. Бұл бастамаға қала билігі емес, бизнестің өзі қызығушылық танытқан. Яғни, жаңа жылдық жобаларға қаржы құйып одан еселеп пайда табуды мақсат тұтқан.
Мына мұз қалашық тың құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда келген халыққа сырғанау төсеніштері жалға беріледі. Сонымен қатар, сусындар, ыстық шай мен тамақ сатылады. Астаналық кәсіпкерлер жаңа жылға дайындыққа нақты қанша қаражат жұмсағаны белгісіз. Ресми ақпарат алдағы уақытта жарияланбақ. Дегенмен, дайындық туралы жалпы дерек бар.
Нарима Мұхамбеталина, Астана қ. Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Қалада 45 шырша, 32 мұз айдыны, 36 мұз төбешіктері қосылады. Бұл әрине, осы қысқа арналған кең ауқымды қызмет көрсететін интерактивті алаңымыздың іске қосылуы деуге болады.
Алматы қаласы да биылғы жаңа жылдық безендіруге жұмсалатын қаражат көлемін қысқартыпты. Былтыр 175 миллион теңге шығындаса, осы жолы 75 миллион. Мұндай үдеріс соңғы жылдары республиканың барлық өңірінде жүріп жатыр.
Ербол МӘНДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.