Мәселен, Астананың іргесінен ашылған экономикалық еркін аймаққа 1,5 триллион теңге инвестиция тартылған. Жүздеген кәсіпорын ашылып, жұмыс істеп жатыр. Соның бірі - «Тұлпар-Тальго» зауыты.
Қазақтың теміржолының үстінде күні кешеге дейін ескі кеңестік пойыздар жүрді. Жүруінен тұруы көп болды. Мәселені шетелдік локомотив, шетелдік вагондармен шешпек болдық.
Бірақ, олар біздің жағдайға жарамады. Шеттің пойызымен жүру үшін рельстің қалыңдығын жіптей етіп жұқарту, қос темірдің арасын жақындату қажет еді.
Ал, бұл қыруар қаражат. Елбасының Испанияға барған сапарында бұл мәселе шешілді. «Патент-Тальго» компаниясы «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, жаңа зауыт ашты.
Әділжан Шоманов, «Тұлпар-Тальго» зауытының техникалық директоры:
Міне, бұл вагондардың ерекшелігі сол, доңғалақтары қазақстандық рельстердің қалыңдығына сәйкестендірілген. Яғни, жаңадан теміржол салудың керегі жоқ. Біздегі теміржолдың бұрылыстары көп. Ал, мынау вагондар сондай қисық жолдарға түскенде, бір доңғалағы қатты айналып, екіншісі ақырын дөңгелеп, бір жанға қисайып кетуден сақтайды. Әрі қисық жолдарда жылдамдығын азайтпастан, зулап өте шығады.
Тағы бір ерекшелігі, «Тұлпар-Тальго» вагоны өте жеңіл. Себебі, пойыздың іші-сырты жеңіл металл – алюминиймен қапталған. Сондықтан да, мұндай вагонды бір адам да итеріп жүргізе алады. Жеңіл пойыз тиісінше жылдам жүреді.
Жуан Жосе, вагондардың сапасына жауапты маман:
Сағатына 200 шақырым шапшаңдықпен жүйіткиді. Бір ғана мысал, Астанадан Атырауға дейінгі жолды кәдімгі пойыздар 33 сағат жүрсе, «Тальго» 20 сағатта жетіп барады.
Зауыт қызметкерлері вагон құрастыруда испандық қосалқы бөлшектердің орнын біртіндеп отандық өнімдермен алмастырып келе жатыр.
Мәселен, вагондардың дөңгелектеріне «Степногор подшипник зауыты» шығарған өнімдер қолданыла бастаған. Отандық өнімнен ұлттық кадрге қарай ойыссақ.
Зауытта 300-ге жуық жұмысшы бар. 7 шетелдіктен басқасы түгел қазақ азаматы. Өндіріс ошағы техник мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға да көп көңіл бөлді.
Төлеген Нығметжанұлы, «Тұлпар-Тальго» зауытының сапа бөлімі қызметкері:
2011 жылы 16 қызметкер, 2012 жылы 29, 2013 жылы 30 қызметкер. Ал, биыл екі қызметкеріміз Испанияға барып, біліктіліктерін арттырып келді. Олар әртүрлі саладағы қызметкерлер.
«Тұлпар-Тальго» зауыты - ТМД елдерінде баламасы жоқ алып жоба. Бұл кәсіпорынның құрылысына 80 миллион доллар инвестиция тартылған.
Міне, артылған үміт ақталды. Зауыт өнімдерін отандық нарыққа шығарумен шектелмей, жақын жылдары Өзбекстан, Ресей нарығына да шығармақ.
НұрбекБЕКБАУ