Қар басқан жол – жүргізушінің соры - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қар басқан жол – жүргізушінің соры

29.11.2018

Астанада соңғы 3-4 күнде жауған біршама қалың қар қала билігі мен пен көше тазалығына жауапты коммуналдық қызметтердің дәрменсіздігін көрсеткендей. Уақытылы тазаланбағандықтан, жолдар мен аулаларда тау боп үйілген қардан аяқ алып жүру қиынға соғуда. Жол жиектеріне ысырыла салып, сол күйі тәуліктеп жатқан қар қалдықтары көлік кептелістерін туғызды. Осыған орай, көпшілік қалалық коммуналдық шаруашылықтарды жұмыстарына салғырт қарап, қауқарсыздық танытып отыр, деп айыптауда. Ал, жауапты қызметтер күн-түн деместен, тазарту жұмыстарымен тыным таппай айналысып жатырмыз, деп ақталады.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Қолайсыз ауа райы қар тазалаушыларды аяғынан тік тұрғызбады. Айналадағы шалағай жұмысқа халықтың шағымы көп.

Көшенің іші иленіп қалған. Өйткені, арнайы көліктер легі тек күре жолдағы қарды аршып, шетке ысырып тастайды. Содан жиекке жиналған ақ ұлпаны қол күші үйіп-үйіп кетеді. Әр жерде бір төмпешік. Ал, оны мұнтаздай етуге тағы техника қажет.

Әйтсе де, үш күн бұрын қала әкімі техника толық, жұмысшы жеткілікті деп еді.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Екі-үш күннің ішінде қар қатты жауғаннан кейін, біз негізгі көшелерді тазаладық. Енді әрі қарай аулаларды да тазарту жұмыстарын жалғастырамыз.

Бірінші кезекте аялдамалардың алды тазалануы керек. Бірақ, мұнда қар жауғалы күректің ізі тимегені көрініп тұр. Ал, бұл автобустардың тоқтауына кедергі. Одан түскен жолаушылардың тайып, жығылмасына кім кепіл?

Қала төртке бөлінген. Ең ірісі - Есіл. Аумағы 31 мың гектардан асады. Бұл ауданға жауған қар былтыр қазан-қараша айында 1700 текше метр ғана болса, биыл 145 мыңға жеткен. Мөлшері бірнеше есе көп. «Бірақ, қол қусырып қарап отырған жоқпыз»,-дейді.

Мадияр Нөгербеков, Есіл ауданы әкімдігінің өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы:

- 350-400 көлемінде техника бар. Күндіз 760 адам, түнде 90 адам жұмыс істеп жатыр.

Тазалыққа тұрғындар жәрдем етпесе де, кедергі келтірмесін. Өйткені, көліктерін көшеге қойып кеткендіктен арнайы техникалар сол жерден кідірмей өтеді. Коммуналдық шаруашылық мамандары осыны сұрайды.  

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу