Жылқы – қазақтың рухы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылқы – қазақтың рухы

21.11.2018

Жылқыны алғаш болып қолға үйрету арқылы көшпенділер әлем тарихына үлкен өзгеріс әкелді. Ең бастысы атқа міну мәдениеті - адам тұрмысын жеңілдеткен технологиялық жаңалық. Бұл туралы Елбасы өз мақаласында «Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі», деп атап көрсетті.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Ерлан Омаров қазақтың атқұмар азаматтарының бірі. Ит жүгіртіп, аңға шыққанды ұнатады. Бәйге аттарын баптайды. Көшпенді ата-бабалар ғұрпымен бала күнінен ат құлағында ойнап өскен.

Ерлан Омаров, атбегі:

-Мектепте оқығанда шабандоз болғам. Аудандық спартакиадаларға қатысып, бәйгеге шауып, жүлделі орындар алып жүрдім. Қанда болған нәрсе қалаға келгенде қайта оянып, ағылшын аттарын ұстап, баптап жатырмыз.

Жылқыны қолға үйрету соғыс тактикасын түбегейлі өзгерткені мәлім. Бұл, әрине, алғаш болып атқа қонған көшпенділердің әлемде үстемдік құруына себеп болды. Атқа міну адамдардың киім үлгісіне, тұрмысына, қарым-қатынасына зор жаңалық әкелді.

Алмас Әбсадық, филология  ғылымдарның докторы, профессор:

-Маңызды мәселе - адамзаттың алғашқы дамуындағы ірі технологиялық өзгерістердің бастауында болғандығы, жылқыны үйрету, оны пайдалану жөнінде көптеген мәдениеттер қалыптастыруы.

Үзеңгі атқа ырғып мініп, қос балақты шалбармен ер үстінде нық отыруға мүмкіндік берді. Ат алысты жақындатты. Қоржынға салып, жүк арту алыс-берісті дамытты. Жылқы ғасырлар бойы көшпенділердің мінсе көлік, сауса қымыз, сойса азығы болды. Бұл дәстүр әлі жалғасып келеді. Жалғаса бермек. Ұлы Даланы қылқұйрықсыз  елестету әсте мүмкін емес.

Атқа қонғанда бойдағы бабалардан қанмен берілген жауынгерлік рухы оянады. «Аттан салып шапқан қазақ, тартқан емес ат басын. Осылайша келді қорғап, Отаны мен отбасын» деген өлең жолдары еріксіз есіңе түседі. Себебі жылқы – қазақтың рухы!

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу