Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы ағын суды реттейтін механикалық жасақ құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы ағын суды реттейтін механикалық жасақ құрылды

12.11.2018

Бірлестік өңірдегі суармалы жерлерге су тартумен айналысады. Сондай-ақ, қолданыстағы су арналарына техникалық қызмет көрсетеді. Жақында ғана жұмысын бастаған ұжым бітеліп қалған арналарды тазалап, бөгендерді қайта қалпына келтіріп жатыр. Игі бастамаға өңірдің диқандары дән риза.

Кезінде диқаншылықты кәсіп еткен Несіпбай Есалиев бақшасына су келмеген соң амалсыз кетпен-күрегін тастап кеткен. Өйткені, Мойынқұм ауданы Айдарлы ауылында талай жылдан бері тазаланбаған су арнасы жабылып қалған болатын. Бүгін механикалық жасақ келіп, ауылдың диқандарына тиесілі жерге су тартып жатқанын естіп, балаша қуанды.

Несіпбай Есалиев, диқан:

- Өте қиын болды. Енді халық риза болып жатыр. Біздің мойынқұмдықтар егін егуге үйренген халық.

Шу өзенін бойлай орналасқан Мойынқұм ауданы бау-бақша егуге таптырмайтын аймақ. Алайда, құмды жерде су арналарын әлсін-әлсін тазалап тұру қажет. Ал, оған жекелеген шаруалардың шамасы келмейді. Жасақ құрамында болса, ондаған экскаватор мен түрлі техника бар. Оларды сатып алуға облыстық бюджеттен 600 миллион теңге жұмсалды.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- 20 жылдай тазаланбаған каналдың түбіне метрден астам құм жиналған. Ол осында келіп түсетін суды сіңіріп, етектегі егінге жеткізбей тастайтын. Енді мына арна тазаланса, 350 га жер қайта қолданысқа енетін болады.

8 мың гектар суармалы жері бар аудан тұрғындары бұған дейін бұл аумақтардың көп бөлігін іске жарата алмай келген. Енді әр ауылдың каналы тазаланып, егіс алқаптарының тамырына қайта қан жүгірмек.

Мәден Мұсаев, Мойынқұм ауданының әкімі:

- Бір ауылдың шаруашылықтары 50-60-ақ гектар егіп отырса, биыл әр ауыл 300-400 гектардан суармалы жерге өндірістік мақсаттағы жүгері егетін болады.

Жамбыл облысында егін егуге жарамды деп саналған суармалы жердің көлемі 184 мың гектарға жуықтайды. Бірақ, ағын су жүйесі ескіргендіктен, ол жердің 95 мың гектары ғана кәдеге жарап тұр. Өңірдегі мұраптық қызметті атқаратын ортақ оператор енді осы жұмысты тұтастай қолға алмақ.

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу