Бақытжан Сағынтаев азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды

02.10.2018

Бүгін Үкіметте еліміздегі азық-түлік тауарларына бағаның шарықтап кетуіне жол бермеу жайы қаралды. Осы орайда Премьер-министр халық көп тұтынатын азық-түлік түрлеріне бағаның қымбаттап кетпеуіне ең бірінші кезекте әкімдер жауапты екенін ескертті. Әкімдер өз кезегінде бағаны ауыздықтау үшін бар күштерін салып жатқанын айтып ақталды. Жалпы, қазір елімізде инфляция тұрақты деңгейде болғанымен, кейбір тауарлардың бағасы біршама өсіп кеткен. Осыған орай, Бақытжан Сағынтаев халық көп тұтынатын азық-түліктің 19 түріне бағаны бақылауда ұстауды тапсырды. Қажет болған жағдайда нарықты қолда бар тәсілдермен реттеу керектігін атап көрсетті.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, инфляция белгіленген дәліз көлемінен аспаған. Жыл басынан бері 3,3 пайыз. Яғни, инфляция тұрақты, бірақ, баға өкен. Мысалы, республика бойынша қант 17,6%, күріш 11,3%, қырыққабат 8,6%, күнбағыс майы 4,5%-ға қымбаттаған. Өңірлер арасында қант бағасы әсіресе, Шымкентте шарықтап кеткен-28,6%, Астанада 23,4%. Қырыққабат Петропавлда 46,7%, Павлодарда 25%-ға қымбаттаған. Бірнеше облыста шектік бағадан 15 пайызға дейін ауытқушылық бар.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

- Келесі қалаларда 15 проценттік шектік мәннен асып түскен. Мысалы Астана, Қарағанды, Орал
Өскеменде 4 тауар бойынша, Павлодар және Шымкентте 3 тауар бойынша, Атырау, Ақтау, Қостанай, Петропавл, Тараз, Ақтөбе, Қызылорда және Талдықорғанда екі тауар бойынша шектік мәннен асып түскен.

Республикадағы орта бағадан 15 пайызға қымбаттаған өңірлердің ішінде Ақтау мен Атырау қалалары бар. Бұл өңірлерде сәбіз, қырыққабат, пияз, картоп бағасы қымбаттаған. Маңғыстау облысында республика бойынша инфляция ең жоғары 4,1 пайызды көрсеткен.

Халықтың тәттіге сұранысы артқан. Сондықтан да, Ауыл шаруашылығы министрлігі басқа-басқа қант бағасын қатаң бақылауға алу керектігін ескертті. Ол үшін әкімдер тұрақтандыру қорларына 10 мың тоннадан қант қорын жинап сатып алуы керек. 

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

- Бағалардың өсуіне өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызмет көрсетуге бағалардың өсуі әсер етеді. Мысалы, 2018 жылдың 1 жартыжылдығында дизель отынына бағалардың өсуі 17,2 пайыз, электр энергиясы 3,5 пайыз болды.

Үкімет жылдық инфляцияны межеленген 5-7 пайыз дәлізінен асырмай аяқтауға мүдделі. Ол үшін өңірлік тұрақтандыру қорлары нарықты реттеп отыруы қажет. Сондай-ақ, тауарды қолдан тапшы қылып, бағаны шарықтатуға жол бермеуге басымдық береді. 

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу