«Нұр жолы» өткізу пункті ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр жолы» өткізу пункті ашылды

27.09.2018

Қазақстан-Қытай шекарасында заманауи «Нұр жолы» өткізу пункті ашылды. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің жалғасы болатын жаңа кеден бекеті – екі ел арасындағы тауар айналымын еселейтін бірегей жоба. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік негізінде іске қосылған әмбебап кешеннің ашылуына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өкілдері де барып, қатысты. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Бұл тарихи сәт. Міне алғашқы көліктер «Нұр жолы» өткізу пунктінен Қытайға бет алып барады. Ал «Нұр жолы» өткізу пункті тәулігіне 2500 автокөлік өткізе алады. 

Халықаралық талаптарға сай жабдықталған өткізу бекетінде құжат рәсімдеу жеңілдеді. Шекарада бірнеше сағаттап тұратын көліктер енді жарты сағаттың ішінде  жөнелтіледі. 

Жаңа өткізу пункті  Еуразиялық даму банкі арқылы қаржыландырылды. Қорғас инвестициялық әлеуеті зор аймақ болғандықтан банк өкілдері өзге де жобаларға қаржы бөлуге дайын.

Амангелді Есенов, Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз болашақта жергілікті атқарушы органдармен өзара ынтымақтастық меморандумын жасауды жоспарлап отырмыз. Қазір өзара келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Содан кейін барып, ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қолға аламыз.

Жаңа кеден бекеті арқылы 2,5 мың көлік, оған қоса тәулігіне 15 мың адам өте алады. Оларға жүзге жуық кеденші қызмет көрсетпек.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу