Қоғамдық орындағы тәртіпті қадағалау үшін қосымша камералар орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық орындағы тәртіпті қадағалау үшін қосымша камералар орнатылды

26.09.2018

Еліміздің көлік полицейлері жыл басынан бері 4 мыңнан астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның 5 мыңға жуығы көпшілік орында алкогольді ішімдік ішіп ұсталса, екі мың алты жүзі темекі тартамын деп тұтылған. Құтылғаны қаншама? Ал, кісіге орынсыз тиісу фактісі мыңнан асады. Жалпы, заң бар. Ереже бекітілген. Алайда, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік тыйылар емес. Неге?

Адамдардың көпшілік орындарда өзін-өзі ұстау мәдениеті әлі де болса өз деңгейінде емес. Қаласа пістесін шағып, қалдығын сол жерде қалдырып жатады. Көпке ортақ аялдаманы аяйтындар да аз. Ішіп алып, автобусқа мінетіндерді қайтесіз!?

Жасырып-жабатыны жоқ, кейде балық басынан шіридінің кері келіп жатады.

Осындай тәртіпсіздіктерді болдырмау мақсатында бүгін еліміздің көліктегі Ішкі істер департаменті Астана вокзалында арнайы акция ұйымдастырды. Акция болған екі сағат ішінде желілік полиция бөліміне тәртіп бұзған үш кісі жеткізілді. Екеуі масаң күйде болса, біреуі теміржолды қиып өткен. Бәрінен түсініктеме алынып, арақ ішкендерге айыппұл салынды.

Елорда вокзалында 200 камера мен әкімшілік полицияның 7 қызметкері тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың көмегімен күніне 15-ке жуық тәртіп бұзушылық анықталады екен. Тәртіпсіздіктің көпшілігі жолаушыларды орынсыз мазалайтын заңсыз такси жүргізушілеріне тиесілі. Алғашында айыппұл төлеп құтылғанымен...

Абай Қилыбаев, Астана қалалық Ішкі істер желілік басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің басшысы:

- Сол азаматтар бір жылдың ішінде екінші рет қайталайтын болса, іс сотқа жіберіліп, соттың қаулысымен 10 АЕК, ЯҒНИ 24050 теңге айыппұл немесе 5 тәулікке қамауға алынып жатады.

Бұл біздегі жаза. Өзге елдерде қандай? Осы жылдың мамырынан бастап заңын өзгерткен Грузия белгіленбеген жерде шылым шеккендерге 40 доллар, ал, оған мүмкіндік жасаған дәмхана мен  мейрамхана иелеріне 200 доллар айыппұл салады. Қайталанса, екі еселенеді. Ал, Нью-Йорктың қала кеңесі, тіпті электронды темекі тартқандардың өзін тезге салады. Бізде жаза жұмсақ сияқты. 7215 теңге. Бәлкім, темірдей тәртіп орнату үшін жазаны күшейту керек шығар.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу