Қарағанды облысының диқандары тың технологияның арқасында мол өнім жинауда

24.09.2018

Биыл Қарағанды облысының алқаптарында алғаш рет егін егуде тың технология қолданылды.  Сандық технология әдісін бірінші болып Нұра және Осакаров аудандарының диқандары іске асырды. Бұл ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру үшін отандық және еуропалық ғылыми институттардың көмегіне сүйенген. Нәтижесінде сынамалы алқаптарда анағұрлым жоғары өнімділік байқалып отыр.

«Шахтер» серіктестігі биыл 37 мың гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар салды. Биыл мұнда бірінші рет жаңа технология  қолданысқа еңгізілді. Сандық технология көмегімен жүзеге асырылатын тәсіл өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өлшеулер мен сараптамалар цифрлау бағдарламасы аясында Еуропаның ең озық зертханасында өткізілді. Көрсеткіштер өте жақсы. Бүгінгі күннің өзінде сапалы бидайға сұраныс зор.

Георгий Прокоп, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Алдымен алқаптың электронды картасын жасадық. Тәжірибе ретінде 500 гектар жерден топырақ сынамалары алынып, сандық технология көмегімен құрамындағы фосфор, калий, азоттың мөлшерін анықтадық. Бұған қоса, түбегейлі тексеру үшін Еуропадағы зертханаға жібердік. Сөйтіп ерте көктемде тыңайтқышы мен ылғалы дәл алқапқа егін салынды. Өнімділік бұрынғыға қарағанда 30-35 пайызға дейін жақсарды.

Дәл сандық технология шаруашылықтағы картоп алқабына да енгізілген. Ылғалы мен тыңайтқышы келісті танаптардан мол өнім жиналуда.

Дидар Ақышев, механизатор:

- Картопты үшінші жыл егіп жатырмыз. Өткен жылы 220 гектар болған. Биыл 450 гектарға салдық. Бір гектардан 40 тоннадан алып жатырмыз. Өткен жылы 35 гектар болса, биыл қырықтан айналуда.

Ел көлемінде егістік алқаптарға сандық технологияны қолданысқа енгізген 9 шаруашылық болса, соның екеуі Қарағанды облысының Нұра және Осакаров аудандарында. Бұл алқаптарда тіпті жердің температурасы мен ылғалдылығын көрсететін метеостанциялар орнатылған. Жалпы, өңірде 826 мың дәнді-дақылдар мен бұршақ дәнділерді жинау, 9 мың гектардан картоп және 1442 гектардан көкөніс жинау көзделген. 

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу