Қарағанды облысының диқандары егіннің тең жартысын орып бітті

24.09.2019

Қарағанды облысының диқандары егіннің тең жартысын орып бітті. Аптап ыстықтан және жаздың жаңбырсыз болуына байланысты биыл өңірде бидай бітік шықпады. Әр гектарынан 9,3 центнерден айналуда. Соңғы жылдары климаттық өзгерістерге байланысты егін шаруашылықтары тәуекелмен жұмыс істеп келеді. Бірақ бұл қауіпті. Дұрысы заманауи технологияларды пайдалану. Мәселен, өңірде ауа райының қолайсыздығына қарамастан сандық технологияға сүйеніп, астық еккен шаруалар мол өнім алуда.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан биыл «Шахтер» шаруашылығы мол өнім жинап жатыр. Орташа есеппен әр гектарына 20 центнерден бидай алуда. «Бұл сандық технологияның жемісі», - дейді диқан. Өткен жылы олар сынақ түрінде 500 гектар жерге бидай сепкен болса, биыл осы дәлдік әдіспен егілген алқап көлемін 4600 гектарға ұлғайтқан.

Георгий Прокоп, Шаруа қожалығының жетекшісі:

Ауа райының қолайсыздығынан шығын болды. Бірақ біз цифрлық технологияны пайдалану арқылы оның орнын толтыра алдық. Жаңа әдіс бойынша минералды тыңайтқыш сепкен алқаптарда өнім екі есеге жоғары болады. Біз өткен жылы жер сынамасын Еуропадағы зертханаға жіберіп, көктемде соның нәтижесіне сүйене отырып егін ектік. Өнім мол. Енді келесі жылы сандық технология алқабын 10 мың гектарға ұлғайтамыз.

Жалпы шаруашылық биыл 36 мың гектар алқапқа егін сепкен. Алайда аптап ыстықтан ескі әдіспен егілген бидайдың біраз бөлігі күйіп кетіпті. Оның үстіне қатты жел мен толассыз жаңбыр да орақ науқанына орасан зиян келтірген. Өңірдегі барлық шаруашылықтарда осындай жағдай. Облыс бойынша 886 мың гектар егіннің 39 мың гектары дұрыс шықпай қалған.

Асылбек Рахымбеков, Шаруа қожалығының бригадирі:

Көктем негізі жақсы болды. Осы барлығы жақсы болатын түрі болған. Септік, жақсы шықты бидай. Сол бір жаңбыр жетпей қалды. Көп жандырып жіберді ыстық.

«Соңғы жылдары климат құбылмалы. Сондықтан сандық технологияны картоп алқабына да енгізген тиімді»,-дейді шаруа. Қазір ылғалы мен тыңайтқышы келісті танаптардың әр гектарынан 40 тоннадан өнім алуда. Биыл Германиядан тағы 4 түрлі элиталы тұқым әкелінген. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бос жатқан жерлерді нарықтық айналымға енгізу туралы тапсырма берген болатын. Шаруашылық алдағы 4 жылда картоп алқабын мың гектарға ұлғайтуды көздеп отыр.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу