Санкт-Петербургте Еуразиялық әйелдер форумы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургте Еуразиялық әйелдер форумы өтуде

20.09.2018

Санкт-Петербург қаласында екінші Еуразиялық әйелдер форумы жұмысын жалғастыруда. Алқалы жиынның басты ерекшелігі – әйелдердің жобаларына қолдау көрсетілмек. Жалпы, форумда 27 халықаралық ұйым өз алаңын ұсынды.

171 елден 2000-нан астам әйел Санкт-Петербург қаласында бас қосты. Олар маңызды тақырыптарды талқыламақ. Алғаш рет форум 2015 жылы ұйымдастырылған еді.

Камила Қорпан форумның ең жас қатысушысы. Ол Санкт-Петербург қаласында форум аясында ұйымдастрылған менталды арифметикадан өткен халықаралық олимпиадада рекорд орнатты, жеңімпаз атанды.

Камила Қорпан, олимпиада жеңімпазы:

- Біз шамамен 150 қыз болдық. 26 минутта 1500 есепті шығарып үлгердік. Мен есептерді ағылшын тілінде де шығара аламын. Жыл бойы жеңімпаз атанып келемін.

Жаһан жұрты көз тіккен жиынға 9 мемлекеттің Парламентінің спикері, 10 вице-спикер, 4 бірінші ханым келді. Біздің елден Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Дариға Назарбаева бастаған депутаттар, бизнеспен айналысып жүрген нәзік жандылар келді. Олардың өз айтары бар. Жалпы, Қазақстанда халықтың 51 пайызы әйел.

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Парламенттің өзінде әйелдердің құрамы жақсы. Біздің процентміз жақсы. Мысалы, Сенаттың өзінде 6 комитеттің үшеуін әйелдер басқарып отырмыз.

Жәмилә Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Гендерлік теңдік мәселесі әлем бойынша талқыланып жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан гендерлік тепе-теңдік бойынша дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 144 мемлекеттің ішінде 52-орында. Бұл жақсы көрсеткіш, дегенмен, әйелдерді қолдауды тоқтатпауымыз керек.

Қазіргі таңда әйелдердің жобаларын қолдауға бағытталған халықаралық қор жұмыс істейді. Оның есебінде 350 млн. доллар жатыр. Форумда өз жобаларын көрсеткендер сол қордың қолдауына ие болады. 30 алаңда ең өзекті мәселелер қаралып жатыр, оның ішінде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік, әйелдердің өзара парламентаралық байланысы сияқты маңызды тақырыптар бар. Форум аясында ертең маңызды құжат қабылданбақ.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу