Маңғыстау облысында «Батыс-2018» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Екі аптаға жалғасатын өңірлік жаттығуда қолбасшы мен командирлердің бірлескен жұмыстары, штабтың әзірлігі, әскерлердің ұрыс даласындағы дайындығы сыналады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
- «Батыс-2018» оқу-жаттығуына құрлық әскерилерінен, әуе қорғаныс күштерінен, әскери теңіз күштерінен, төтеншеліктер мен Ұлттық ұланнан 5 мыңнан астам әскери қызметші қатысып жатыр. Олар құрамдастырылған тәсілмен, өздерінің жүрістері мен қозғалу тәртібін көрсетеді. Мұндай жаттығулар әскерлердің жауынгерлік дайындығын арттырып, кәсіби шеберліктерін жетілдіреді.
Оқу-жаттығуға Батыс өңірлік қолбасшылығының жауынгерлерімен бірге, Шығыс және Оңтүстіктегі әскерилер қатысуда. Әуе шабуылдық күштерінен де қосымша әскер келген. Жауынгерлер әр түрлі техникамен 4 бағыт бойынша қозғалып, Жаңаөзен қаласының маңында кездеседі. Олар шамамен 150 шақырым жол жүреді. Осы аралықта әр командир жолдағы қозғалысты бақылап, төңіректі бағамдайды.
Межелі жерге жеткенде әскерлер арнайы тактикалық іс-қимылдар орындап, жауынгерлік дайындықтарын көрсетеді. Олар жаттығуды Оймаша полигонында жалғастырады.
Оқу-жаттығуға мыңнан астам түрлі техника жұмылдырылған. Шара қыркүйектің 28-не дейін жалғасады. Нәтижесінде, штабтың, қолбасшы мен командирлердің жұмысына баға берілмек.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.