Өйткені, оқушыларды шалғайдағы білім ұясына мемлекет есебінен тасымалдайтын көлік болмағандықтан ата-аналар өз қаражатына қоғамдық көлікті жалдауға мәжбүр. Ескі көлік 25-30 орынға ғана лайықталған. Білім іздеген 200-дей бала күнделікті осы шағын автобусқа сығылысып мініп, мектепке есеңгіреп жетеді.
«Достық» мөлтек ауданында тұратын балалардың үш жылдан бері көрген күні осы. Қалалық білім басқармасы жылда уәде бергенімен, сөзінде тұрған емес. Ата-аналар амалсыз ай сайын 1 жарым мың теңге төлеп, осы автобусты жалға алған. Оның жүргенінен бұзылғаны көп.
Феруза Әбдікерімова, қала тұрғыны:
-Автобустың сапасы нашар. Жаңа екі рет ремонтқа барып келді.
Автобусқа сыймаған балалар мектепке амалсыз таксилетіп жетеді.
Айлан Дүйсенбекқызы, оқушы:
-Автобуспен бару қиын, қысылып отырамыз. Ауа жетпейді.
Бұл балалардың алысқа сандалмай-ақ өзі тұратын «Достықтағы» мектепке баруына болар еді. Алайда, 1 мың 200 орынға лайықталған білім ұясында қазір 2 жарым мың бала оқиды. Оқушы саны енді сәл көбейсе үш ауысымда білім беруге мәжбүр.
Білім басқармасы жағдайдан хабардар. Мәселені оңтайлы шешу үшін оқушылардың мектепке баратын және қайтатын кезінде қоғамдық автобустар санын көбейтуді сұрап құзырлы орынға хат жолдаған. Одан әлі нәтиже жоқ.
Дәулетхан Нәлібаев, Шымкент қаласы білім басқармасының бас маманы:
-Сіздің айтып отырған мәселе бойынша тағы толық қаралатын болады. Жақын арада шешімін табады. Уақытын айта алмаймын.
Басқармадағылар әзірге бұл жайтқа оншалықты бас қатыра қоймайтын сыңай танытты. Ал, «Достықтағы» ата-аналар болса, мәселе бір аптаның төңірегінде шешімін таппаса, Білім және ғылым министріне хат жазамыз деп бекініп отыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.