Шаруаларды цифрландыру басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруаларды цифрландыру басталды

10.09.2018

Әрбір ауданда цифрлы фермалар ашылуы керек немесе жаңа технологиялар ауыл шаруашылығына да жетуі керек.  Вице-премьер, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев әкімдер мен ғалымдарға осындай тапсырма жүктеді.

Мақсат тың технологияларды пайдаланып,  өнім көлемін арттыру.  Министрлік қазір республика бойынша жаңа технология енгізетін үш орталық ашқан. Соның бірі Астана іргесіндегі Александр Бараев атындағы ғылыми орталық.  Осы орталықта аграрлық сала ғалымдары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары бас қосып,  аталған тақырыпты талқылады.

Ауыл шаруашылығын цифрландыруға жауапты мекемелердің бірі А.Бараев атындағы ғылыми орталық. Мұнда өнімділікті арттыратын жаңа технологиялар енгізілген. Орталықтың егістік алқабы цифрландырылған.

Мұндай мүмкіндіктер барлық шаруада болуы керек. Ол үшін  әрбір ауданда кем дегенде бір  цифрлы ферма ашылуы қажет. Министр бұл жұмысты әкімдерге тапсырды.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі:

-Әрбір ауданда цифрлы ферма құруымыз керек. Біз бұл жұмысты әкімдіктерден талап ететін боламыз және Асқар Қуанышұлы екеуміз қадағалап отырамыз. Себебі, әрбір шаруа жаңа технологияны көзбен көріп, пайдасын түсінуі қажет.

Министрлік әкімдерге қаржылай және методикалық қолдау көрсетуге дайын.  Мысалы, шаруаларға арнап  «қолдау» порталын әзірлеген. Онда субсидияға онлайн тапсырыс беру, егістіктер мен жайылымдар картасы секілді қызметтер бар. Осы секілді сервистер салаға көптеп енгізілмек. Бұл - ортақ міндет.

Қайрат Сұлтанбеков,  «Ақпараттық есеп орталығы» АҚ бас менеджері:

-Астық қолхаттары, элеваторлардың орналасқан жері мен олардағы бос орындар туралы ақпараттар,  жеңілдетілген жағармайды тарату, субсидиялар алу секілді қызметтер бар. Сондай-ақ, егістік алқаптарын цифрландырып біттік.  Енді жыл соңына дейін жайылымдарды электронды картаға түсіреміз.

Жиында ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу жайлы тек айтылып қана қоймай, соңғы үлгідегі  техникалар таныстырылды. Мысалы, Вице-премьер Асқар Жұмағалиев америкалық атақты комбайндардың бірін тізгіндеп көрді.

Асқар  Жұмағалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

-Біз бүгін  тың әдістермен, өнімділікті арттыруға болатынын көзбен көріп отырмыз. Тек техниканың көмегімен ғана емес, цифрландыру арқылы өнімді отыз пайызға дейін арттыруға болады. Бұл жұмысқа барлығының кіріскені дұрыс деп есептеймін.

Ауа райына сеніп отыра бермей, өнімділікті арттыру керек. Бұл министрлікке Президент жүктеген тапсырма. Оны жүзеге асыру үшін министрлік ғылыми орталықтар мен аграрлық оқу орындарының жұмысын түбегейлі өзгертпек.

 Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу