Алматыда жастардың жазғы демалыстарын қызықты өткізуге арналған лагерь жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жастардың жазғы демалыстарын қызықты өткізуге арналған лагерь жұмыс істеп тұр

20.08.2018

Алматыда жастардың жазғы демалысын қызықты өткізуіне арналған лагерь жұмыс істеп жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жоба қалалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен басталған. «Туған жер» деп аталған тегін демалыс аймағына талапты әрі талантты жастар ғана іріктелген. Олар мұнда демалыстан бөлек, түрлі тренингтерге қатысуда. Сол арқылы өздерінің тұғалық қасиеттерін дамытып,білімдерін шыңдауда.

Әсем Алатау бөктеріндегі алты күндік демалыс. «Туған жер» лагері қазір алматылық белсенді жастардың қызықты алаңына айналған. Әр күнін ерекше етіп өткізгісі келетін, жаңашылдыққа жаны құмар жастарға жан-жақты бағдарламалар дайындалған.

Әлішер Жұмабай, қатысушы:

- Тренингтер, ойындар, би, футболдан, волейболдан жарыс өтеді. Қысқаша айтсақ, өте қызықты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерьге қатысушылар 300-ге жуық адамның ішінен іріктеліп алынған. Мұндағы жастардың бәрі өз орталарының көшбасшылары.

Ілияс Нағметов, қатысушы:

- Активистердің көп жиналған жерінде бірінші рет болып тұрмын. Лагерь өте керемет. Себебі, бұл жерде тұлғалық дамуға өте үлкен үлес қосылып жатыр. Көптеген спикерлер келді.

Жобаның басты мақсаты - білімді жастардың шығармашылығын шыңдау. Олардың мәдени және кәсіби қабілеттерін арттырып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау. Сондықтан, мұнда танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылады. Қомақты қаржыға ғана тренинг өткізетін бизнес-тренерлермен жастар тегін сұхбат құрып, пікір алмасуда.

Бейбіт Тұрабаев, ұйымдастырушы:

- Үшінші күннен бастап, біз тренингтер қостық. Оны еліміздегі атақты коучтер, бизнес-тренерлер өткізіп жатыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған лагерь алдағы уақытта да жұмысын жалғастырмақ. Ұйымдастырушылар жобаға қатысуға тек ел ішінен емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сынды көрші ел жастарынан да өтініш түсіп жатқанын айтады. Бұл лагерьдің сәтті бастама екенінің бір көрсеткіші.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу