20 жылдан астам уақытқа созылған Каспийдің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселеге нүкте қойылуын теңіз жағалауындағы бес мемлекетке де ортақ дипломатиялық жеңіс деп бағалауға болады. Өйткені, бес елдің бұл тарихы маңызды құжатты бекітуі ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған түйткілдердің түйінін шешеді. Сарапшылар Ақтаудағы Каспий саммитінің қорытындыларын саралап, конвенцияның қай мемлекет үшін қандай тиімді тұстары бар екенін талқылап жатыр.
Әлемдегі ең ірі жабық су қоймасына қатысты даудың басы шешілген күн тарихта қалатыны сөзсіз. Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан теңіздің балығы да, байлығы да құнды. Ал, бірнеше жыл бойы келіссөздер жүргізіп, бестіктің бітімге бүгін келуінің бірнеше себебі бар.
Жансая Жапина, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы сараптамалық орталығының аға ғылыми қызметкері:
- Құқықтық мәртебе беруге қатысты неліктен проблемалар туындады? Өйткені, бірнеше бағыттағы мәселені шешу керек болды. Біріншіден, Каспий теңізінің шекарасын әртүрлі құқықтық режиммен белгілеу қажет. Бұл жерде теңіздің үстіндегі әуе кеңістігі, табиғи ресурстарын пайдалану, минералды заттарды өндеу, экология, оның ішінде биологиялық ресурстарды тиімді пайдалану, сақтау, су қоректілерін қорғау, зиян келтірілген жағдайда жауапкершіліктен қашпау сынды күрделі, әрі маңызды тұстары көп. Тағы бір маңызды мәселе - көлік пен логистика. Кеме қатынасының әртүрлі құқықтық режимде реттеу, басқа да көлік түрлерінің Каспий маңындағы елдер ішінде және келешекте басқа теңіз-мұхиттарға да емін-еркін шыға алуы. Каспий маңындағы барлық мемлекет осы мәселелерді шеше отырып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтап алуды басты міндет қылды.
Бұл шешімнен бестіктің ұтары көп. Өзара алыс-беріс ұлғайып, туризм дами түседі. Ортақ жобалардың жүзеге асырылуы бес елдің де экономикасының дамуына сүбелі үлес қосады. Саяси мүдделер де елеусіз қалмады.
Санат Көшкімбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:
- Қазақстан, Түрікменстан мен Әзірбайжан үшін бұл жаңа инвестициялар деген сөз. Ал, Иран мен Ресей үшін қауіпсіздік мәселесін шешіп береді. Өйткені, олар үшін аймақтық емес елдердің араласуы қауіп тудырады. Ал, Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенциясында бұл маңайда орналаспаған әскери мемлекеттердің араласуына шектеу қойылған. Яғни, барлық елдер үшін маңызды мәселелер тиімді шешіліп, бүкіл елдің мүддесі қорғалуы тиіс.
Ұтымды ұсыныстардың ішінде әр ел өзіне тиесілі аймақта кен орындарын ашу мүмкіндігі бар. Осылайша, көрші мемлекеттермен бірлесіп, құбыр тарта алады. Ал, бұл «Ресей мен Қытайға балама тасымал жолдары пайда болып, нарық көкжиегі кеңейе түседі» деген сөз.
Альбина ӘШІМ