Бейнебақылау камералары арқылы анықталған жол ережесін бұзу дерегіне салынған айыппұлды енді жеңілдікпен төлеуге болады. Ескерту алған сәттен бастап 7 күннің ішінде төленсе, қарыздың 50 пайызы ғана қайтарылады. Мұндай жеңілдік бұған дейін инспекторлардың өздері толтырған хаттамаларға ғана берілетін. Қазір тәртіп сақшылары ескертулердің жүргізушілерге «Борышкер» жедел алдын алу шарасы аясында жол үстінде таратып жатыр.
Осы жерден шамамен 300 метр қашықтықта «сергек» бейнекамерасы орнатылған. Ол жолдан өткен барлық көліктердің мемлекеттік нөмірлерін тексеріп, егер көлік иесінің төленбеген айыппұлдары болса, осы жерде тұрған инспектордың қолындағы планшетке хабарлама жібереді. Сәйкесінше, инспектор сол көлікті тоқтатып, айыппұлының бар екендігін ескертеді. Хаттамасын қолына шығарып береді.
Қазір инспекторлардың 80 пайызының қолында планшет бар. Қаланың әр жерінде орналасқан 1260 камера күніне 4 мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегін анықтайды.
Марат Құсбеков, аға инспектор:
- Біз күнде 20 шақты хаттама жазамыз. Негізінен жол ережесін үш реттен көп бұзған көлікті тоқтатамыз. Себебі 1-2 рет бұзған көліктер өте көп.
Ал, өзгесі «Қазпошта» және СМС-хабарламалар арқылы айыппұлы туралы хабарлама алады. Күніне шамамен 2,5 мың адамға айыппұлының хаттамасы жіберіледі екен.
Дархан Ташмухамбетов, Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы:
- Астана қаласында бейнебақылау камералары өте көп болады. Мәселен, біз аптасына 20 жерге жаңа камера іліп жатырмыз. Қаланың ішіндегі барлық қозғалыс біздің назарымызда болады. Сондықтан, жүргізушілерге жол ережесін сақтап жүруге кеңес беремін.
Сергек камералары орнатылғаннан бері Астанада жол-көлік оқиғасынан қайтыс болғандардың саны 20 пайызға азайған. Ал, осы «Борышкер» сияқты алдын алу шаралары мен берілген жеңілдіктер салынған айыппұлдардың төлену көрсеткішін біршама арттырады дейді мамандар.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.