Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үйдің қабырғасында жарықшақтар пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үйдің қабырғасында жарықшақтар пайда болды

20.07.2018

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған Өскемендегі көпқабатты үйдің қабырғасы қақырап, жарықшақтар пайда болды. «Сапасыз құрылыстың салдары бұл ғана емес, басқа олқылықтар жетіп-артылады», - дейді баспана иелері. Қолданысқа берілгеніне бір жыл да болмаған үйдің тұрғындары шағымдарын айтып, арнамызға хабарласты.

Су жаңа үйге кірмей тұрып құрылыстың шалалығын байқаған тұрғындар бірінші күннен-ақ дабыл қаққан. Бірақ, айтуларынша, құлақ асқан ешкім болмаған. Төзімі таусылған жұрт ақыры ашуға мінді. 9 қабатты үйдің қабырғаларынан жарықшақтар пайда болған. Кіреберістегі баспалдақтардың да сапасы сын көтермейді. Іргетасы жерге шөгіп барады. Ал, үйде тұрып жатқан әр тұрғын ай сайын 60 мыңнан бастап 100 мың теңге аралығында ақы төлейді.

Ермек Қанапиянқызы, тұрғын:

-Құбырлар нашар. Ыстық суды көтере қоймайды. Қысым жоғары болса, көтермеуі мүмкін. Есік-терезелерінің бәрі нашар.

Еркін Мұратұлы, тұрғын:

- Жекеменшік пәтер иелері «Техногрупп» кінәлі», - дейді. Бірақ, бұл үйлерді кім қабылдады?! «Самұрық-Қазына» ма, кім кінәлі? Үйлердің қабырғаларына сызат түскен. Пәтерлердің ішінде де жарықшақ пайда болды. Жуыну мүмкін емес. Ваннада мұз қатады.

«Үйдің балкондары да жұқа қаңылтырдан, боран соқса, ұшқалы тұр», - дейді тұрғындар. Айтуларынша, жауапты сала өкілдеріне бірнеше мәрте хат жолданған. Үйді салған «Техногрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, құрылыстың сапасыздығымен келіспей отыр.

Бейбітжан Абраимов, «Техногрупп» ЖШС директоры:

- Тұрғындар шағым беретін болса, ПИК-мен бірігіп, сол шағымдармен жұмыс істейміз. Құрылыс сапасыз салынды деп айта алмаймын. Жобалық материалдармен салынған. Керегелерге түскен сызаттарды жойып жатырмыз. Үйдің 2-3 жылда жобалық отыру мерзімі бар. Соған байланысты сызаттар түседі. Оны жойып келеміз. Ешкімге қауіп жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, әуелгіде мердігердің ісі шала болған. Өйткені, биік жерге салынған үйлерге су тарту да қиындық тудырған. Тіпті қалалық «Өскемен водоканал» кәсіпорны Есенберлин көшесіндегі жаңа нысандарды қабылдаудан бас тартқан. Өйткені, дөңестеу тұрған үйлерге кәсіпорынның су беруге қуаты жетпеген. Ақыры құрылыс компаниясына тоғыз сусорғы қондырғысын орнатып беруіне тура келген. 

 

Айдана ДАЙЫРОВА

Хабарламаларға жазылу